Елімізде індетке қатысты төтенше жағдай енгізілгелі волонтерлер бір жеңнен қол шығарып, жұмыла жұмыс атқара бастады. Жастар карантин кезінде қарттарға азық-түлік, дәрі-дәрмек жеткізіп беріп, аймақ тыныштығын бақылауға алды.
Нұр-Сұлтан қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының Волонтерлер штабы коронавирус инфекциясының алдын алу және аса қажетті тауарлармен қамтамасыз ету үшін әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға медициналық маска, антисептик құралдары және азық-түлік пакеттерін үздіксіз тарату жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің мәліметіне сәйкес, 19 наурыздан бастап бүгінге дейін 1330-дан астам отбасына көмек көрсетілді. Карантин режімі кезінде бұл межені 5000 отбасына жеткізу жоспарланған.
Ал Алматы қаласындағы Қызыл Жарты Ай қоғамының волонтерлері «Жақсылық жаса» акциясы аясын бастады. Шара аясында жастар карантин кезінде үйінен шыға алмай отырған егде жастағы адамдарды азық-түлікпен қамтамасыз етеді.
Қарағанды облысы әкімдігі, «Saryarqa jastary» облыстық волонтерлер штабы «BIZ BIRGEMIZ» әлеуметтік көмек көрсету акциясын бастады. Ал Жезқазған қаласының Жастар ресурстық орталығына қарасты «Жылы жүрек» волонтерлер ұйымы қала көшелерінде індеттің алдын алу шараларына жұмылды.
«Жылы жүрек» волонтерлер ұйымы Жезқазған қаласының орталық көшелерінде халыққа тегін маска таратты. Олар маска үшін арнайы мата сатып алып, қорғаныш құралын өздері тіккен. Жезқазғандық волонтер Марғұлан Кәли екі күннің ішінде жастар 600 маска үлестіргенін мәлімдеді. «Күніне 300 бетперде тігу жоспарда бар. Бұл акция бұдан әрі де жалғасын табады. Тек қаланың орталық көшелерімен шектелмей, вокзал секілді адам көп шоғырланатын орындарға да баруды ойлап жүрміз», дейді М.Уәли.
Сақтық шараларынан бөлек қарағандылық жастар облыстағы 300-ге жуық аз қамтылған отбасылар мен қариялардың үйлеріне тұрмысқа қажетті құралдар мен антисептиктер жеткізіп берді. Аймақ тұрғындарына әлемді дүрліктірген індет туралы ақпарат беріп, вирустан қорғану жолдарын түсіндіріп, насихат жүргізіп жүр.
«Волонтерлер пандемия кезінде қолдан келгенше көмек көрсетуге әзір. Акцияның өтуіне үлес қосып, қарттар мен көп балалы отбасыларды азық-түлікпен қамтамасыз етуге атсалысқан Қарағанды облысының кәсіпкерлеріне де алғысымызды білдіргіміз келеді. Олар шараның алғашқы күнінде-ақ 50 қап азық-түлік ұсынды. Бұл игі іс әлі де жалғасатынына сенеміз», деді ұйымдастырушылар.
Карантин кезінде қарттар мен көп балалы отбасыларды қолдау мақсатында «Saryarqa Jastary» облыстық волонтерлер штабы және «Тамшы KZ» қайырымдылық қорының бастамасымен жастар қариялардың үйінен шықпауы үшін басқа да қажеттіліктеріне көмектесіп жүр. Бұл шараны облыстың басқа аудандарындағы жастар да қолдап, көмегін көрсетті. Мәселен, Қарқаралы ауданының JasStar волонтерлік желісінің волонтерлері 2 отбасына азық-түлік тасып, қолғабыс көрсетті. «Әлемдік пандемия кезінде бір-бірімізге жанашырлық таныту, қамқор болу, бірлігімізді сақтау – әрбір азаматтың парызы деп білеміз!», дейді волонтерлер.
Азық-түлікпен қамтамасыз ету, сақтық шараларын түсіндірумен қатар халықтың қауіпсіздігін де естен шығармаған жастар қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті бақылауға алды. Алматы шаһарындағы полицейлерге қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге көмектесу үшін, 500-ге жуық волонтер жұмылдырылды. Волонтерлер тәртіп сақшыларымен бірге көше аралап, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Көшеге шыққан жұртқа карантин талаптары мен вирустың қауіпті екенін түсіндіріп, дүкен, дәріханалардағы ахуалды бақылауға алды.
Ал қарағандылық жастар Төтенше жағдайлар комитетімен бірлескен рейдке шықты. Волонтерлер тұрғын үй секторында улы газбен уланудың алдын алу мақсатында үйлерді аралап, газ құбырларының жұмысын бақылады. Олар улы газ датчиктері арқылы газдан уланудың алдын алуға болатынын түсіндірді. Үйде улы газ мөлшерден асса, датчиктер белгі беріп, адам өміріне қауіпті алдын ала ескертетінін айтты.