Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен қызметтер қауіпсіздігі және сапасын бақылау комитетінің төрайымы Людмила Бюрабекова елімізде коронавирусқа тестті кім тапсыра алатынын, қанша тест бар екенін министрліктің арнайы өкілі Диас Ахметшәріпке берген сұхбатында айтты.
«Біз Қытайдан сатып алған тестті қолданып жатырмыз. Саны жеткілікті, жақында 60 мың данасын алдық. Келесі аптада тағы 150 мың тест алу жоспарда бар. Қолданысына келетін болсақ, шетелден келген азаматтар мен вирус жұқтырған адаммен байланыста болғандарды тексереміз. Профилактикалық шара ретінде кез келген адам өте алмайды. Бұл диагностикалық тест болғандықтан, симптомдары болған жағдайда ғана қолданылады. Вирус анықталған адаммен байланыста болмаған, 1А немесе 1Б санатындағы елдерден келмеген адамдарда аурудың симптомдары байқалмай, бұл тестті тапсырғаннан еш пайда болмайды. Тек теріс нәтиже көрсетеді, ал ол бізге еш диагностикалық ақпарат бермейді»,- деді Людмила Бюрабекова.
Сараптаманы жүргізуге 7-8 сағат уақыт кетеді екен. Ал тест тапсырған адамдар әдетте нәтижесін 12 сағатта біле алады.