Дерекке сүйенсек, бүгінде Алматы облысындағы ірі қара малдың басы 1 миллионнан асады екен. Ал есепке алынған уақ жандықтың үлесі 4 миллион бастың үстінде көрінеді. Яғни, Жетісудың ойы мен қырына өріп шығатын төрт түліктің жалпы саны жеткілікті. Ендігі міндет тұяқты түліктің басын көбейтіп қана қоймай, мал шаруашылығы өнімдерін өндіруді жолға қою болып отыр.
Қазір облыста шаруалар арасында мал бордақылау алаңдарын ашуға ынта жоғары. Өйткені, мал басын көбейтуге кеткен шығынның екі жағдайда ғана жылдам өтелетінін жұрт біледі. Біріншіден, малдың күйлі болуы еттің сапасы мен салмағына әсер етеді. Сондықтан, ірі қараны ізінен қалмай баққаннан гөрі, малды бір орталықта ұстап жемдеудің тиімділігі жоғары. Тәжірибе бойынша, жайылымда 3 ай бойына еркін жүріп ет жинаған малдың күйіне қарағанда 1 айға жетер-жетпес мерзімде бордақыланған малдың салмағы мен еттілігі жоғары болады екен. Екіншіден, мал шаруашылығында тұқым асылдандыру ісі нәтижелі болып тұр. Шаруаның ескеретін басты ұстанымының бірі осы болса керек. Анығында, сойысқа арнап өсірген малдың етті болуы тиімді, ал сүт өндіру бағытындағы сауын малының тұқымын асылдандыру көп ойлануды көтермесе керек-ті. Сүйінерлігі, жетісулық шаруалар осы негізгі бағытты да дамытып отыр.
Сөзімізге Панфилов ауданындағы «Esenbai» шаруа қожалығының тіршілігі дәлел. Қожалық 2015 жылдан бері мал шаруашылығын ілгерлетуге күш салып келеді екен. Бүгінде 600 басқа арналған мал бордақылау алаңы жұмыс істейді. Қора-жайдағы тірлікті 7 жұмысшы тындырады, қажетті 7 техника тағы бар. Былтыр қожалықтың арнайы алаңында 600 бас өгізше жемделіп, бордақыланған. Әуелгіде тірідей салмағы 200-250 килограммнан аспайтын ірі қара жемдеуден кейін 500-550 килограммға дейін ет жинапты. Яғни, бордаланған өгізшенің әр басы 60-80 мың теңгеге дейін таза табыс әкелген. Ал қожалықтың өткен жылығы таза табысы 42 миллион теңгені құрапты. Дайын етті облыс пен Алматы қаласының тұтыну нарығына жөнелткен екен.
- Биыл тағы 600 бас өгізшені бордақылау алаңына байладық. Ісіміздің табысты боларына сенеміз. Шаруашылықтың іргесін кеңейтіп, бордақылау алаңынан бөлек ет дайындайтын өндіріс іске қоссақ дейміз. Биыл әкімшілік қосымша жер бөлсе, малды өзіміз сойып, етті өңдеп, дайын өнім жасайтын кәсіпорын ашу жоспарымызда бар. Болашақта отандық нарыққа ғана емес, шет елдерге де ет экспортын жолға қоюды мақсат еттік. Ал кәсіпорынға жұмсалатын қаржыны өз есебімізден шығаруға дайынбыз, - дейді «Esenbai» шаруа қожалығының басшысы Нұркамал Нұрахмет.
Ет экспорты демекші, былтыр Алматы облысы 8 мың тонна етті алыс-жақын шетелге жөнелткен. Қуаныштысы, отандық агроөнеркәсіп мал етін тірідей немесе сойылған күйінде ғана емес, толықтай өңделген өнім түрі ретінде де экспорттай бастады. Өткен жылы Жетісуда іске қосылған екі ірі кәсіпорын – «Империя Фуд» және «Қайыңды» ет комбинаттары сойылған малдың етін толықтай өңдеп, сүйегі мен терісіне дейін іске жарататын қалдықсыз өндіріс көзіне айналды. Ал облыс бойынша биылғы ет экспортының межесі 25 000 тоннаға дейін жетеді деген үміт бар.
Алматы облысы