Бірнеше күннен бері Қазақстан азаматтарының шетелден елге оралып жатқаны белгілі. Олар қазір елордада 3 қонақ үйге орналастырылған. Тауарлар мен қызметтер қауіпсіздігі және сапасын бақылау комитетінің төрайымы Людмила Бюрабекова шетелден оралған азаматтарға қандай шара қолданылатынын министрліктің арнайы өкілі Диас Ахметшәріпке берген сұхбатында айтты.
Людмила Бюрабекованың айтуынша, елге келген соң олардан тест алып, 12 сағаттың ішінде нәтижесін хабарлайды. Егер бір бортта келгендердің барлығының нәтижесі теріс, яғни арасында вирус жұқтырғандар болмаса, қолхатпен қатаң үй карантиніне жіберіледі. Симптомдар байқалған жағдайда, үй карантиніндегілер дәрігерге хабарласуы керек немесе жедел жәрдем шақыруға тиіс.
«Ал егер бір бортта келгендер арасында вирус жұқтырғандар анықталса, оған жақын отырған жолаушылар да стационарда бақылауға алынады. 14 күн ішінде екі рет сараптама жасаймыз» деп атап өтті Людмила Бюрабекова.