Бүгінде Жамбыл облысында 63 мың тонна азық-түлік қоры бар. Облыстық әкімдіктің мәліметінше, өңірде азық-түлік нарығындағы баға бағамы тұрақты. Қоймалардағы азық-түлік қоры өңірдің ай сайынғы қажеттілігін 137,5 пайызға қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Атап айтсақ, қоймаларда сақталған ет және сүт өнімдері облыстың қажеттілігін 39 күнге, көкөніс 33 күнге, күріш және қарақұмық 25 күнге, ұн 78 күнге, макарон 28 күнге, қант 50 күнге, өсімдік майы 38 күнге және басқа да тауарлар қоры бір айдан астам уақыт бойы өтеуге жеткілікті. Сол сияқты күн сайын өндірілетін ет, сүт, нан көлемі қайта арта түскен.
Дегенмен, маусымаралық кезеңге байланысты картоп, қырыққабат және қант бағаларының көтерілуі байқалады. Жергілікті өндіріс орындары өңірдің ұнға деген ішкі қажеттіліктерін 71 пайызға, макарон бойынша 68 пайызға, жұмыртқаға деген сұранысты 84 пайызға қанағаттандыра алады. Сұраныс артқан жағдайда облыс аумағындағы үш жаңа құс фабрикасы мен үш макарон фабрикасының өндіріс көлемін арттыруға мүмкіндік бар екен.
Бүгінде өңірде сыйымдылығы 313,2 мың тонна болатын 218 көкөніс сақтау қоймасы жұмыс істейді. Оның ішінде 160 көкөніс сақтау қоймасы арнайы тоңазытқыштармен жабдықталған.
Жамбыл облысы