02 Сәуір, 2010

ЖАҢА АУРУХАНА ТҰРҒЫНДАР ИГІЛІГІ ҮШІН

619 рет
көрсетілді

Аудан орталығы Железинка ауылында салынған бұл медицина мекемесі  “100 мектеп, 100 аурухана” мемлекеттік бағдарламасы бойынша жүзеге асты. Жаңа ғимарат аудан орталығына да сән беріп, жарқырап тұр. Аудан Ресейдің Шарлақ ауданымен ше­каралас орналасқан. Аурухана үйінің құрылысына республикалық бюджет қаржысынан 911 миллион теңге жұмсалды. Құрылысты облысқа танымал  “Сталь­монтаж” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді. 60 орындық аурухана жанында емхана да бар, ол күніне  100 адамды қабылдай алады. Сонымен қатар, ауруханада перзентхана мен жедел жәрдем пункті де жұмыс жасайды. Аудандық аурухананың бас дәрігері Гүлбарам Оспанованың айтуынша, жаңа аурухана осы заманға сай емдеу құрал-жабдықтарымен толық қам­тамасыз етілген. Ауылдықтар  қала жаққа бармай-ақ енді өз аудан орталықтарына келіп, емделіп, тексеріле алады. Диагностикалық медициналық құралдар жеткілікті. Облыс орталығындағы  емдеу мекемелерінен  кеңестер алып тұру үшін аурухана орталық теле­ме­ди­цина жүйесіне қосылған. Алдағы жылдары Ас­танадағы, Алматыдағы ғылыми орталықтармен  ті­келей байланыстарға шығу мүмкіндігіне қол жет­кізеді. Аудан орталығындағы бұрынғы ескі аурухана енді қайта жөнделіп кәсіптік мектепке лайықталса,  мектеп  үйі жаңа балабақшаға айналады. Бұл күндері аудан дәрігерлері денсаулық сақтаудың жаңа жүйесі бойынша өздеріне жүктелген міндеттер үдесінен шығу үшін жұмыс істеуде. Фарида БЫҚАЙ, Павлодар облысы.