Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова Нұр-Сұлтанда соңғы тәулікте тіркелген науқастардың денсаулығы жайында айтты.
«Қалада жұқпалы провизорлы және карантиндік ауруханаларда 1156 адам жатыр. Оның ішінде 80-і балалар. Соңғы мәліметтерге сәйкес, Нұр-Сұлтан қаласында вирус жұқтырудың 61 оқиғасы тіркелді. Оның 20-сы 26 наурыз бойынша тіркелген фактілер», деді Сәуле Қисықова.
Оның айтуынша, вирус жұқтырған 20 науқастың 14-і қазір стационарда ем қабылдап жатыр.
«Олардың бір бөлігі стационарда пневмания күдігімен өткір ЖРВИ-мен жатқан науқастар. Енді бірі бұрын тіркелген адамдармен байланыста болған азаматтар. Сондай-ақ 25 наурызда Нұр-Сұлтан әуежайына өзге елдерден ұшып келгендер бар. 6 адам Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындарына мониторинг жасау барысында тіркелді», деді ол.
Сондай-ақ ол қазір 4 науқастың денсаулығы тұрақты ауыр жағдайда екенін айтты.
«Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтанда 61 адамнан коронавирустық инфекция табылып, стационарда ем қабылдап жатыр. 4 науқастың денсаулығы тұрақты ауыр жағдайда. Олардың өкпе қабынуы расталды және тыныс жетіспеушілігі бар. Коронавирустық инфекция бойынша хаттамаға сәйкес ем-дом алып жатыр. Қалған науқастардың жағдайы қанағаттанарлық, ешқандай шағым жоқ, дене қызуы қалыпты», деді С. Қисықова.