Шартарапты шарлаған коронавирустың күннен-күнге өршуіне байланысты ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы сақтық шараларын күшейтуді және тығырықтан шығуға арналған кешенді жұмыстарды тапсырды. Осы орайда Мəдениет жəне спорт министрлігі өнер мен спорттың баршаға қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында онлайн нұсқаға көшуіне байланысты өз тарапынан бірнеше жобаны қолға алып отыр.
Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының басшылығы осы жобалар аясында қызметкерлердің қашықтықтан жұмыс істеуіне, жалпы өнерсүйер қауымның онлайн шеберлік-дәрістерін алуына мүмкіндіктер жасап отыр.
Әр азаматтың үйде отырып, білімі мен танымын арттыруы үшін жасалып жатқан шаралардың бірі #óneronline хэштегімен іске қосылды. 25 наурызда осы жоба аясында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының аға оқытушысы Мақсат Медеубектің «Қобыз – Қорқыттан қалған аңыз» атты лекция-концерті өтті.
Одан кейінгі Бауыржан Бекмұханбеттің қатысуымен 26 наурызда өткен шеберлік-дәріс «Жетісудың оңтүстік шығысындағы күйшілік дәстүрі» тақырыбына арналды. Айта кетейік, #óneronline хэштегімен өтетін дәрістерді Мәдениет және спорт министрлігі және Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының әлеуметтік желідегі жеке парақшаларынан тамашалауға болады.