Қыста қалың қарымен, ат құлағы көрінбейтін боранымен, көктемде елді әбігерге салатын тасқынымен ерекшеленетін шығыста «үйренген жаумен» күреске дайындық қалай?
Жасыратыны жоқ, биыл аймақта қар жылдағыдан қалың түсті. «Қазгидрометтің» хабарлауынша, облыстың тау өзендеріндегі су мөлшері орташа көрсеткіштен 30 пайызға артық. Өңірдегі төтенше жағдай саласы мамандарының сөзіне сенсек, облыс аумағындағы Ертіс, Бұқтырма, Үбі, Үлбі, Громотуха, Нарын, Тұрғысын, Хамир, Ақ Берел, Үлкен Бөкен, Күршім, Қалжыр, Үржар, Егінсу секілді өзендер арнасынан асуы мүмкін. Әгәрәки бұл өзендер таситын болса, аймақтағы үш қала, 15 аудандағы 108 елді мекенге қауіп төндіруі мүмкін. Бұл дегеніңіз – 22 мың адам тұратын жеті мың тұрғын үй. «Осыған байланысты облыстық Төтенше жағдайлар департаменті жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, апаттың алдын алуға бағытталған кешенді іс-шараларды қолға алды. Құтқарушылар мен коммуналдық қызметтер күшейтілген жұмыс тәртібіне көшті. Ішкі істер министрлігіне қарасты органдардың 1 040 қызметкері, 277 дана техникасы, 184 мотопомпа мен 50 суда жүзу құралы төтенше жағдайға сақадай сай. Өскемен мен Семейде құрамында 130 адамы бар алты мобильді топ құрылып, тиісті жұмыстар жүргізуде. Біз биылғы су тасқыны мезгілін шартты үш кезеңге бөлдік. Облыс аумағында қар еру мерзімі наурызда басталып, маусымның ортасына дейін созылады деп болжануда. Рас, қар мөлшері жылдағыдан сәл артық. Алайда алаңдаудың еш негізі жоқ. Жағдай жіті бақылауда. Барлық орган өз міндетін ойдағыдай орындайтын болса, қызыл су шығынға батырмайды», деді облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Дмитрий Титов.
Ал облыстық Жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Елдос Чикенов 2018 жылы орын алған оқыс жағдай қайталанбауы үшін Шүлбіде қарғын су жиналатын резервуар- лардың көлемі айтарлықтай үлкейтілгенін, қажет жағдайда бұл резервуарлар 20 күн бойы су қабылдай алатынын айтты.
Шығыс Қазақстан облысы