Әлемдік нарықта мұнай бағасының құлдырауы теңгені әлсіретіп, ел экономикасын тығырыққа тіреуде. Бұл жағдай автоөндіріс саласын да айналып өтпейтіні анық. Тіпті, алдағы уақытта қаржылық жағдайдың салқыны темір тұлпар бағасының қымбаттауына әкелуі мүмкін.
Жаһанды шарпыған коронавирус автоөндіріс саласына да кесірін тигізді. Әлем елдеріне автобөлшектердің басым бөлігін сатып отырған Қытайдың бүгінгі жағдайы мәз емес. Fitch халықаралық рейтинг агенттігі көршілес елде автобөлшектердің сатылым көрсеткіші төмендеп кеткенін айтқаны бұл саланың мейманасы тасымай тұрғанын аңғартса керек. Егер індет ұзаққа бармай ауыздықталып, жағдай тұрақталса, несиеге берілетін көліктердің көлемінде айтарлықтай өзгеріс болмайды. Ал коронавирустың жаңа толқыны пайда болған жағдайда болжамдар мен межелі кіріс көрсеткіштері төмендеуі бек мүмкін. Соған қарамастан наурыз айында Қытайда автоөндіріс ошақтары қайта іске қосылып, сәуір айындағы жоспар бойынша сатылым көрсеткішін еселеп арттыруды межелеп отыр.
Қазақстанға автобөлшектердің басым бөлігі сырттан келетін болғандықтан, теңгенің долларға шаққандағы бағамы автонарыққа тікелей әсер етеді. Бүгінгі жағдайда көк қағаздың құны артқан сайын автодилерлер көлік бағасын қайта қарауға құлшынып отыр. Алайда, Үкімет пен Ұлттық банктің мәлімдемелеріне сәйкес таяу уақытта шикізат пен валюта нарықтарындағы құбылуды реттеу жөнінде шаралар қабылданады деп күтілуде. Сондықтан бағаның қаншалықты өсетіні теңге бағамы мен мұнай бағасының қандай межеде тұрақтайтынына байланысты болмақ.
«Қазавтожол» одағының стратегиялық жоспарлау жөніндегі директоры Артур Мискарянның айтуынша, әзірге темір тұлпарлардың қазіргі бағасы сақталады. Бірақ айдың аяғына қарай бұған дейінгі сатып алынған машина жиынтықтарының қоры таусылады. Қайтадан сатып алынатын қор көлемі теңгенің долларға шаққандағы жаңа бағамымен есептелінетіні түсінікті. Бұған қоса, базалық ставка жоғарылағаннан кейін екінші деңгейлі банктер ұсынатын автокредит мөлшерлемелері де өседі. Бұл жағдай автокөлікті несиеге алушылардың азаюына әкеліп соқтыруы мүмкін. Автонарықты құрдымға кетірмеудің бірден бір амалы мемлекеттік автонесие беруге арналған бағдарламаның көкжиегін кеңейту. Бұл ретте мемлекеттен берілетін 20 млрд теңгені 50 млрд теңгеге дейін кеңейту көзделіп отыр.
Ескеретін жайт, Қазақстандағы жеңіл көлік өндірісі Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне, соның ішінде ресейлік модельдерге тікелей тәуелді. Одақ аясында доллармен сауда жасамайтынымызды алға тартқанмен, әлемдік нарықтан толықтай жеке дара бөлініп кеткен жоқпыз. Машина өндірісіндегі локализация негізінен қырық күнде жүз құбылған валютаны сақтайтын негізгі сала еді. Бірақ құрастырылатын бөлшектердің өзі толығымен сырттан тасымалданатынын ескерсек, елдегі құрастырылған көліктер автонарықты тұтастай қамтамасыз ететініне күмәнмен қарауға тура келеді.
Елімізде сатылған әрбір бесінші автокөліктің үшеуі Қазақстанда шығарылған. Экономист Бауыржан Ысқақовтың айтуынша, бұл көрсеткіш сұраныстың артып келе жатқанын көрсетеді.
– Былтыр елімізге 744,6 млн долларға 33,9 мың жеңіл автокөлік импортталған. Әкелінген автокөліктер саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 18,3%-ға, бағасы 20,2%-ға өскен. Сырттан келген көліктердің басым бөлігі көрші Ресейге тиесілі. Бұл ел Қазақстанға 387,1 млн долларға 19,1 мың автокөлік жіберді. Сонымен қатар Жапониядан 218,9 млн долларға 6,2 мың автокөлік әкелінген. Өзбекстаннан 22,7 млн долларға 2,8 мың автокөлік сатып алынған, – деді Б.Ысқақов. Оның айтуынша, былтырғымен салыстырғанда биыл көлік бағасында өзгеріс бар. Сатылымы бойынша көшбасшы Toyota Camry өткен жылдың қаңтар айымен салыстырғанда 1 млн теңгеге немесе 16,2%-ға қымбаттап, 10,76 млн теңгені (2019 жылдың қаңтар айында 9,26 млн теңге) құрады. Арзан саналатын Ravon Nexia модельдері былтыр 4,49 млн теңгеден сатылса, биыл 3,469 млн теңгеге саудаланып жатыр. Қазақстандықтардың таңдауы жиі түсетін Lada бренді де қымбаттаған. Өйткені мұнай бағасының арзандап, рубльдің әлсірегеннен кейін көрші елдегі автонарыққа тықыр таянды. Ресейлік сарапшылар 2020 жылы автомобиль нарығындағы сатылым көрсеткіші 10%-ға төмендеуі мүмкін деп болжап отыр. Бұл елде биылғы жылдың қаңтар айындағы жағдай бойынша көлік бағасы орта есеппен 2-3 %-ға өскен. «Рольф» компаниясының дамыту жөніндегі директоры Владимир Мирошников биыл автокөлік бағасының қымбаттауына утилизациялық алым мөлшерлемесінің жоғарылағаны ықпал еткенін айтады.
– Көлік бағасы қосалқы құн салығының 18%-дан 20 %-ға дейін көтерілгені, сондай-ақ инфляция мен бағамның ауытқуы салдарынан жоғарылап отыр. Бұл факторлар импорттық автокөліктерге де, құрастырылатын автокөліктерге де әсер етуде, – деді В.Мирошников. Оның айтуынша, алдағы уақытта автокөлік қымбаттай береді.
Ресейде жыл басынан бері жаңа автокөліктерді сатып алатындардың қатары кеміді. Нарықты қолдау бағдарламалары да қысқаруда. Қазақстан нарығына қатысты көрсеткіштер әзірге жаңара қойған жоқ. Бірақ еліміздегі нарық көрші елдікімен ұқсас екеніне қарап, қалыптасқан ахуалды шамамен болжауға болатындай. Бір анығы, біздегі жағдай да, көрші елдегі жағдайдың нақты қалай өрбитіні де мұнайдың бағасы мен коронавирус қаупінің сейілуіне тікелей байланысты болмақ.