• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қоғам 27 Наурыз, 2020

Ауылдық әкімдіктер маманға зәру

330 рет
көрсетілді

Қостанай облысына қарасты ауылдық әкімдіктерде 100-ге таяу жұмыс орны бос тұр. Жергілікті өзін өзі басқару жүйесіне көшкелі ауылдық мекендерде сауатты заңгер, экономистер қат. Мұндай мамандықтар бойынша дипломы бар жастар ауылға баруға құлық­сыз. Өйткені ауылдық әкім­дік­те оларға жүктелетін міндет көп, жалақы төмен. Мәселен, жұ­мысқа жаңа тұрған жас маман бір жылға дейін 60 мың теңгеге жетер-жетпес еңбекақы алады. 3-4 айдан соң, жұмысын тастап басқа салаға кетіп қалатындар да көп.

Қостанай қаласының тұрғыны Күл­бағила Күсенованың кенжесі жоғары оқу орнын тәмамдаған соң, Меңдіқара ауданы­ндағы ауылдық әкімдіктің Тұр­мыс­тық-шаруашылық бөлімінде бір жылдай қызмет етті. Жұмысы тынымсыз. Толып жатқан есеп-қисабы, жоба-жоспары таусылмайды. Біреуі бітпей жатып, екіншісі басталады, әйтеуір таңның атысынан күннің батысына дейін қағаз толтырудан бас алмады. Көбіне сенбі, жексенбі күндері жұмысқа шығуға тура келеді. Жалақысы – 60 мың теңге. Бірақ айлығы шайлығына жетпейді. Мұның сыртында, енді ғана университет бітірген жас жігітке жергілікті халық­пен тіл табысу қиынға соқты. Ананы-мынаны сұрап, өтініш-мұқтажын айтатын келімді-кетімді кісі көп. Алайда қысқа жіп күрмеуге келмейді, жұрттың талабын бірден орындап тастайтын мүмкіндік жоқ. «Мемлекеттің ақшасын басып жеп, тымпиып түк бітірмей отырсыңдар, өңшең арамтамақ, жемқор, алаяқ!» – дегенді жиі естіді. Зиялы отбасында өскен қала баласы мұндай қиындыққа шыдай алмады.

 – Амал жоқ. Қиналсаң, жұмысыңды тастап, қалаға кел, – дедім. Балам азар да безер болып келді ғой. Өйткені әкімдік үй бере алмады. Берген жа­тақханасында ас-су дайындайтын жағдай болмаған соң, даладан тамақтанып, тек қонуға ғана барып жүрді. Тіпті болмаған соң, қонақүйге көшіп, айына 15 мың төлеп тұрды. Онда да жағдай жоқ. Тамақты сатып ішеді. Балам сол жағынан қиналды. Ұлым бойдақ еді. Үйленбеген баланы ауылға жіберіп керегі жоқ екен, осыған көзім жетті. Өзіміз киіндіріп, өзіміз асырадық қой, – дейді анасы.

«Қазіргі жастар ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүруге әдеттенген. Дайын дүниеге ұмтылып тұрады. Қиын­дықтан қашады, басына түскен болмашы ауыртпалықты көтере алмай, тез жасып қалады», деп өзін сақа санайтын көпшілік сырттан тон пішіп жатады. Алайда ауыл мен қала тіршілігінің пар­қын айырып, пайымды пікір айтатын ақылман аз. Ауыл маманы атқарып жүрген жұмыс соншалықты ауыр ма? Баспанасы жайлы, тұрмысы күйлі ме? Жастардың ауылға барып мемлекеттік қызмет саласында жұмыс істеуіне не кедергі? – деген сауалды арқалап облыс орталығынан 75 шақырым қашық­тық­та жатқан Қостанай ауданына қарас­ты Надеждин ауылдық округіне бар­дық. 353 үй түтін түтетіп отырған ауылдық округке Надеждин, Майалап, Воскресенов деп аталатын 3 елді мекен қарайды. Мұнда ауыл әкімінен өзге екі бас маман, бір есепші жұмыс іс­тейді. Штатта бір орын бос тұр. Бас маман­­ның бірі – елуді еңсеріңкіреген Марина Хаманн деген кісі. Ауыл шаруа­шы­лы­ғын қада­ғалайды екен. Одан кейінгісі –  Бауыр­жан Жұмашев. Ауыл шаруашы­лығы­нан басқа барлық салаға осы жігіт жауапты.

– 2017 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Атаулы әлеуметтік көмек ала­тын­­дардың тізімін алып, құжат­тарын реттестіру, бос еңбек орындарын анық­тап, тұрғындарды жұмыспен қамту, с­алық төлемдерін бақылау, несие, жер қаты­настары мәселелеріне қатысты мін­­деттерді атқарамын. Жұмысым жақ­сы, өзіме ұнайды. Бірақ еңбекақым аздау. Бұрын қолға 59 мың теңге айлық ала­тын­мын. Былтыр жалақысы төмен мем­лекет­тік қызметшілердің бар­лығына бірдей 30% қосылды. Қазір қолы­ма 83 мың теңге тиеді. Үйді жалдап тұрып жа­тыр­мын. Заң бойынша әкім үй тауып беру­ге міндетті емес, – деді бас маман.

Сарапшылардың айтуынша, ауыл­­дағы бас маман мен облыс орта­лығындағы бас маманның арасы жер мен көктей. Ауылдық әкімдіктегі бас маманның атқаратын міндеті қала­дағыға қарағанда 2-3 есе көп. Қысқасы, әр сала бойынша жергілікті мекен­дер­дің даму көрсеткіші, түрлі салаға жиі енгізіліп жатқан жаңашылдықтар, олар­­дың жүзеге асырылуы туралы мәлі­­меттердің барлығын ауыл әкімдік­терінд­егі бас мамандар жинайды. Облыс­тық басқарма мамандары бір-ақ салаға жауапты. Олардың әрқайсысы ауданнан өздеріне ғана тиесілі салаға қатысты дайын мағ­лұматты сұратып, хаттап, реттеп қана отырады. Бастысы, шаруаға мұқият болуы керек. Сөйте тұра, екеуінің еңбек жалақысы әр түрлі. Ауылдық әкімдік маманы облыс маманынан 10 мың теңгедей аз алады.

Бұл мәселеге облыстағы мүдделі органдар да алаңдаушылық танытып отыр. Мемлекеттік істер жөніндегі департамент басшысы Асхат Ескендіровтің айтуынша, облыс орталығына жақындау орналасқан Қостанай, Федоров, Қарабалық, Бейімбет Майлин аудандарында салық базасын енгізе алатын сауатты экономист, заңгер, қаржыгер мамандар тапшы. Алайда соңғы екі жыл ішінде өңірдегі бірқатар шағын елді мекендердің бірігіп кетуі кадр тапшылығы мен мамандарға шамадан тыс көп міндет жүктеу мәселесінің азаюы­на сәл де болса ықпал еткен.

– Таяуда департамент жанынан «Мем­­­ле­кеттік қызмет» мектебін аш­тық. Қазір жоғары оқу орындарының сту­­дент­­терімен жұмыс істеп жатырмыз. Маған 2-курс студенттері бекітілген. Олар­­мен 3 мәрте кездесіп, оқуды бітір­ген соң, өздерінің туып-өскен ауыл­дарына ора­лып, мемлекеттік қыз­мет саласын­да еңбек ету керектігін түсін­діріп, ашық әңгі­ме-сұхбат жүргіз­дім. Ауылға бар­ғы­с­ы келетін жастар көп. Тек олар­ға қолай­лы жағдай жасау керек. Менің­ше, ауыл­дық әкімдіктердегі кадр тап­шы­лы­ғын «Дипломмен – ауылға!» бағ­дар­­ла­­масы арқылы шешуге болады. Өйт­кені ауыл­дық елді мекендердегі дәрігер, мұ­ғалім ма­ман­дардың дені осы бағдар­лама бой­ынша барғандар», – дейді  А.Ескендіров.

 

ҚОСТАНАЙ