Жаңа әлеуметтік төлем жасаудың ережесі Әділет министрлігінде ресми түрде тіркеліп, қолданысқа енгізілетін болады.
Бұл мәселеде екі нәрсені жақсы түсініп алған дұрыс. Біріншісі, төтенше жағдай кезінде мәжбүрлі түрде жалақысы сақталмайтын демалыста болуына байланысты табысын жоғалтқан Қазақстан азаматтарына төлемдер беріледі. Яғни ол азаматтар жұмыстан біржолата босап кеткен жоқ, қазіргі жағдайға байланысты жалақысы төленбейтін демалысқа жіберілген. Мұндай жағдайда бір қызметкерге 42,5 мың теңге көлемінде әлеуметтік төлем беріледі. Екіншісі, жұмысынан босатылған, жұмыссыз қалған қызметкерлерге де ақша төленеді. Яғни жоғалған кірістің 40 пайызы мөлшерінде төлем беріледі. Төлем жасауға байланысты әр өңірде және республикалық маңызы бар қалаларда арнайы штабтар құрылған. Ол штабтарға жаңа төлемді аламын дейтін жұмыс берушілер, тағы да қайталап айтамын, жұмыскерлердің өздері емес, тек жұмыс берушілер өтініш береді. Штабтар ол өтініштерді қарап, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына өткізеді. Корпорация тізімдегі азаматтардың құжаттарын түгендеп, тексеріп, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына жібереді. Тізімдегі азаматтарға бұл әлеуметтік төлемді берудің дұрыс немесе бұрыс екенін осы қор айтады. Осы процестің барлығы 7 жұмыс күнінің ішінде атқарылуы тиіс.
Бауыржан БЕЙСЕНБАЕВ,
Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің басқарма басшысы