Johns Hopkins University (JHU) ұсынған ақпаратқа сәйкес, АҚШ коронавирус жұқтырған тұрғындар саны бойынша әлемдегі бірінші елге айналды. Қазір елде 85,653 жағдай тіркелді. Бұл Қытайда анықталған науқастардан 4 мыңға көп.
Әлемде коронавирус пандемиясына қарсы күресте әрекет етуге кешіккен елдер қатарында АҚШ та болды.
Елдегі өлім саны 1,290-ға жетті, бұл - Италия (8,215) мен Қытайдан (8,215) кейінгі үшінші көрсеткіш.
Вице-президент Майк Пенс қазіргі уақытта коронавирусқа арналған тесттер барлық 50 штатта қол жетімді екенін және бүкіл ел бойынша 552 000-нан астам тест жүргізілгенін мәлімдеді.
Президент Трамп анықталған жағдай елде жаппай жүргізіліп жатқан тестілеудің арқасы деп отыр.
Дональд Трамптың дағдарысты игеруде кеш қалғанын айтып, оны сынап жатқандар да көп.
Вирустың ең көп тараған аймақтары елде адам тығыз орналасқан Нью-Йорк, Нью Орлеан секілді қалалар болып отыр.
Елдегі барлық жағдайдың жартысына жуығы Нью-Йорк штатының өзінде тіркелген. Штат губернаторы Эндрю Куомо емханаларда өкпенің жасанды желдеткіштері жетпей жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, қазір 4 мың құрылғы бар, ал ауыр жағдайдағы науқастар үшін 30 мың дана керек дейді. Әзірге штат билігі тұрғындардан қажеттілік болмаған жағдайда үйде отыруды сұрап отыр. Эндрю Куомо брифингте вирусты жеңуде үміт бар екенін алға тартқанымен, апта басынан бергі деректер емханаға түсіп жатқандар саны 4 күн сайын екі еселеніп жатқанын көрсетуде.
Кеше ғана Қытай мен Италиядан кейін вирус көп тараған үшінші ел болған АҚШ, бүгін таңертең коронавирустың жаңа эпицентріне айналды.