Түркияның Бұрса дейтін қаласында 400 жылдан астам жасаған шынар ағашы бар екен. Түрік ағайындар ғана емес, күллі мұсылман баласы киелі деп есептейтін осы ағашты көруге біз де бардық. Алты адамның құшағына әрең сиятын алып дарақтың бір де бір бұтағы қурамай, жайқалып өсіп тұр. Бұл ағаштың түбінде отырып тілеген тілек орындалады деп есептелінеді. Көлеңкесіне қойылған үстелдерде адамдар демалып, түрлі жемістерден дәм татып, әңгіме-дүкен құрып отыруды дәстүрге айналдырған.

Осман империясынан бастап талай алмағайып заманды бастан кешкен ағаштың көлеңкесі адамды ауызбен айтып түсіндіруге келмейтін ерекше бір күйге бөлейді. Алып шынардың көлеңкесінде осы төрт ғасырда кімдер дамылдамады екен?!
Біз де бос сәкіге жайғасып, жемістерге тапсырыс бердік. Мұнда әрине, ешқандай ішімдік ішілмейді. Және ондай ой ешкімнің миына кіріп-шықпайды. Түрік елінде де неше түрлі жеміс өседі. Ал мына шынар ағашы көлеңкесімен-ақ талай жергілікті тұрғынды асырап отыр. Жақын маңдағы ауылдардың адамдары осында келіп алма, жүзім, шабдалы сатады. Ішінде біздің жақта өспейтін жемістер де бар. Киелі ағаштың айналасында да туристік қызмет жолға қойылған. Төрт ғасыр жасаған шынар ағашы қазіргі түрік елінің байлығы мен мақтанышы да.
Мен елге келген соң осы ағаш туралы айтып едім, білетіндер біздің Жаркент жақта алып қарағаш бар екендігін айтты. Сұрастырсам, – ақиқат екен. Суретін тауып алып, тамашаладым. Күтім көрмей, өз бетінше өскені байқалады.
Бұл ағашқа да білетін адамдар барып, тәу етіп, тілек тілейтін көрінеді. Бірақ, туған жерімізде дәл осындай қасиетті ағаш бар екендігін туристер түгілі өзіміздің де біле бермейтініміз өкінішті. Одан да өкініштісі, қайбір жылдары бір діни ағымның адамдары кей жұрт арнайы іздеп баратын осы ағашты өртеп жібермек те болды. Өздерін Алланың адастырмайтын ақ жолында жүрміз деп есептейтін топ сол Алланың құдіретімен ғасырлар бойы күннің көзінде, желдің өтінде, аяздың құрсауында өсіп тұрған шынар ағашын жоқ етпек болды. Қалай күйзелмессің... Талай заманға куә болуымен ғана қасиеті көбейген ағашты отауды қай дін қолдайды?!
Бұлақты бітеу, жолды жабу, жапан түздегі жалғыз ағашты кесу күнәлардың ішіндегі үлкені екені Құдай сөзінде де тайға таңба басқандай жазылған ғой. Ал біз... Алып қарағаш Алланың әмірімен аман қалды.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.
–––––––––––––
Суретте: Бұрсадағы шынар ағашы.