• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Аймақтар 29 Наурыз, 2020

Қарағанды облысында карантин қалай жүргізіледі?

726 рет
көрсетілді

Қарағанды облысында 30 наурыздан бастап Қарағанды, Саран, Шахтинск, Абай және Теміртау қалалары карантинге жабылатын болды. Бұл туралы тікелей эфирде өткен брифингте облыстың бас санитар дәрігері Қанат Асқаров мәлімдеді.

– Қазіргі уақытта Қарағандыда коронавирус жұқтырған жеті оқиға тіркелді. Серіктес қалалардағы тұрғындарының 20 пайызы Қарағандыға жұмысқа және басқа да шаруаларымен қатынайтынын ескере отырып, коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу үшін аталған қалаларды карантинге жабу туралы шешім қабылданды, – деді ол.

Ескерте кететін бір жайт, облыста карантиндік іс-шаралар кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Әуелі жекелеген шектеулер қойылады. Содан кейін барып, карантин аумағы түгелдей қоршауға алынады. Бұл іс-шараның барысы  және уақыты қосымша хабарланатын болады.

Сонымен қатар, Қанат Асқаров арнайы рейстерді шектемей, авто және темір жол вокзалдарын жабу жөнінде мемлекеттік комиссияға өтініш хат жіберілетінін жеткізді. «Сондай-ақ, қоғамдық көлікті шектеу және карантин аумағын толықтай қоршауға алуға өтініш хат жібереміз», деп атап өтті облыстың бас санитар дәрігері.

Брифингте Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіров 30 наурыздан бастап күшіне енетін қауіпсіздік іс-шаралары туралы айтып берді.

– Бірінші кезекте азық-түлік, дәрі-дәрмек, банк қызметін алу және жұмысқа барудан басқа жағдайда азаматтардың үйден шығуы шектеледі. Екіншіден, жасы 65-тен асқан адамдарға үйде отыруға кеңес беріледі. Үшінші – саябақтар, гүлзарлар, жаяу жүретін көшелер, ойын алаңқайлары және басқа да адам көп жиналатын жерлер жабылады. Төртіншіден, бизнес-орталықтардың жұмысына сағат 10.00-ден 15.00-ге дейін шектеу қойылады. Ол жерлердегі қоғамдық тамақтандыру орындарының жұмысы тоқтатылады. Бесінші – барлық мүліктік меншік нысанындағы кәсіпорындар мен ұйымдарға жұмыс уақытын екі сағатқа қысқарту ұсынылады, – деді қала әкімі.

Бұдан бөлек, аумағы 2 мың шаршы метрден асатын нысандардың және азық-түлік емес тауарларды сату жөніндегі барлық сауда орындарының қызметі уақытша тоқтатылады. Мемлекеттік және жекеменшік балабақшалар жабылады. Сұлулық салондары, қоғамдық моншалар мен сауналар, букмекерлік кеңселер және басқа да қызмет көрсету орындары жұмысын тоқтатады.

Мейрамханалар мен дәмханаларға тек тапсырыс жеткізу қызметі үшін жұмыс істеуге рұқсат беріледі.

Көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда отбасы мүшелерінен басқа, топ болып үш адамнан артық жиналуға тыйым салынады. Кәмелеттік жасқа  толмағандардың ересектерсіз қалада жүруіне тыйым салынады.

Соңғы мәліметтерге сай, Қарағандыда карантинде тәулік бойы бақылауға алынған 509 адам бар. Бұлар 1А санатындағы елдерден оралған немесе шартты түрде инфекция жұқтырған адамдармен байланыста болған азаматтар. Тағы 421 адам үй карантиніне алынған.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев бюджет қаражатына экспресс-тест партиясының сатып алынғанын және оның облысқа 7 сәуір күні жеткізілетінін хабарлады. Тестілеу клиникалық көрсеткіштері болған жағдайда аумақтық емханаларда тегін жүргізіледі.

– Қазіргі уақытта коронавирусты жұқтырудың жеті оқиғасы анықталды, оның төртеуі сырттан әкелінген және ауырғандардың үшеуі біздің облыстың  тұрғындары. Барлық науқастар эпидемияға қарсы қауіпсіздік шаралары сақтай отырылып оқшауланған және олар емдеу курсынан өтуде. Қазіргі уақытта олардың жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланады. Қажетті дәрі-дәрмек толық көлемде бар, – деді Ержан Нұрлыбаев.

Брифинг барысында спикерлер журналистердің Қарағандыдағы коронавирус жұқтырудың соңғы үш оқиғасына қатысты қойған сұрақтарына жауап берді.

– Біз науқастармен байланыста болған эпидемиологиялық тізбекті тоқтату бойынша шаралар жүргізудеміз. Олардың барлығы анықталып, карантинге орналастырылды. Емделушілердің бірінің қатаң карантин режимін бұзғандығы анықталды. Сондықтан, біз санитарлық-эпидемиологиялық іс-шараларды күшейттік. Атап айтқанда, Қарағандыдағы көп қабатты үйлердің бірінің кіреберісін карантинге жаптық,  – деді тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Қанат Асқаров.

Брифингтің соңында спикерлер Қарағанды облысының тұрғындарын үрейге бой алдырмай, түсінушілік танытып, талаптарды қатаң сақтауға шақырды. 

 

Қарағанды облысы