Кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде онлайн-брифинг өткізген Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов елімізде коронавирус жұқтырған науқастардың жағдайы туралы айтты.
«Қазіргі уақытта жалпы коронавирус жұқтырған 302 жағдай тіркелді. Нақтырақ айтсақ, Нұр-Сұлтан қаласында – 169, Алматыда – 73, Атырау облысында –12, Қарағанды қаласында – 13, Алматы облысында – 8, Ақмола облысында – 8, Жамбыл облысында – 3, Шымкент қаласында – 2, Шығыс Қазақстан облысында – 2, Қызылорда облысында – 5, Батыс Қазақстан облысында – 2, Ақтау облысында – 2, Солтүстік Қазақстан облысында – 1, Павлодар облысында – 1, Маңғыстау облысында 1 науқас тіркелді. 302 науқастың екеуі – 14 жасқа дейінгі бала. Науқастардың арасында 79-ы басқа мемлекеттерден келген азаматтар, 97-сі басқа науқастармен қарым-қатынаста болғандар, ал 131-і ауруды қалай жұқтырғаны белгісіз», деген Е.Біртанов осыған байланысты министрлік тарапынан ұсыныстар беріліп, Мемлекеттік комиссия барлық өңірде карантин шараларын күшейту бойынша тапсырма бергенін атап өтті.
Министрдің айтуынша, коронавирус жұқтырған науқастардың ішінде сегізінің жағдайы нашар. Төртеуі жасанды желдеткіште, жағдайлары күнделікті мамандармен талқыланып, бақылауда болады. 30 науқастың жағдайы орташа, жеңіл немесе симптомсыз жағдайдағы 244 науқас бар. Нұр-Сұлтан қаласында – 14, Алматы қаласында 7 науқас жазылып шықты.