Бұл туралы Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі штаб отырысында айтты.
- Аймақта медициналық маскалар бұрын-соңды арнайы өндірілмегендіктен, біз бұл жұмысты тігін өндірісімен айналысатын жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарында ұйымдастырдық. Бүгінгі күнге дейін облыс бойынша 70 кәсіпорын маска тігіп жатыр. Алдағы күндері бұған тағы 20 кәсіпорын жұмылдырылады, - деді облыс әкімі.
17-29 наурыз аралығында облыс бойынша 238 мың қорғаныш маскалары тігілген. А.Мұхамбетов облыстың дәріханалық желі иелеріне қорғаныс маскаларын жергілікті өндірушілерден сатып алуды ұсынды. Сондай-ақ тиісті органдарға маскаларды көтерме бағамен алып, қымбатқа қайта саудалайтын алып-сатарлыққа жол бермеуді, облыс әкімі қала және аудан әкімдеріне өздеріне қарасты аумақтағы тігін цехтарының өндіріс көлемін арттыруды, олардың үздіксіз жұмысын ұйымдастыруды қадап тапсырды.
Қостанай облысы