Жақын болашақта жедел ақпараттандыру мен роботтандыру қарқын алып, еңбек нарығы толықтай ығыстырылуы мүмкін. Тек аса сұраныстағы мамандықтар ғана қалады деген болжам айтылуда. Бұл ретте IT саласының білгірлері, келешектегі тың мамандықтар жөнінде ойымен бөлісті.
Алдағы 20 жылдан кейін қолданыстағы бірқатар мамандық жойылуы ықтимал. Осы орайда адамзатқа ойлау қабілеті мен жылдамдыққа, сондай-ақ жауапкершілік талаптарына сай келетін роботтармен бәсекелесуге тура келеді.
Давостағы дүниежүзілік экономикалық форумда әлем ғалымдары «Болашақ мамандықтар» турасында сан алуан баяндамалар келтірді. Соған сәйкес адам баласының ең танымал дағдыларына – қиын сәттерде жылдам шешім қабылдау, адамдармен тез тіл табысу, әр іске баға беру, сыни ойлау, сондай-ақ топпен жұмыс істеу және келіссөздер жүргізу қабілеті жатады. Бұлар когнитивті икемділік.
Сол себепті ғалымдар осы қасиеттерді дамыта түсу қажет деп есептейді.
– Әлбетте, аса сұраныстағы мамандықтарды жүз пайыз болжау қиын. Десек те биофармакологтар, робот дизайнерлері, ұшқышсыз жүретін көлік операторлары, климатологтар, агропониялық фермерлер, IT-медицина, IТ-генетиктер, Е-журналистика, молекулалық диетологтар, уақыт брокерлері (ұйым және қалалық), қалалық кибераналитиктер, жанды жүйелердің экологтары мен сәулетшілері (генетикалық түрлендірілген организмдердің қатысуымен жабық цикл технологиялары) сынды кәсіп иелері сұраныста болады деген болжам бар, –дейді Семейдегі Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің оқытушысы Айгүл Шайханова.
Мəселен, IТ-генетикке тоқталсақ, ол берілген параметрлер бойынша геномды бағдарламалаумен айналысатын маман. Соңғы он жылдықта медицинада қарқынды дамып келе жатқан саланың бірі – гендік терапия. Сол бойынша сырқатпен күресте адамның генетикалық аппаратына өзгерістер енгізіледі. Бұл әдіс негізінен жануарларға сыналса да, адамдар үшін әкелетін пайдасы зор болатыны даусыз деп айтады мамандар.
– 2014 жылы Британияда хородермиямен ауыратын алты науқас осындай жолмен емделген. Нәтижесінде гендік терапияның қорытындысы жақсарды деп хабарланды. Бірақ бұл тек бірінші ғана қадам. Келесі қадам – геномды модификациялау. Бұл тәжірибе маймылдарға қолданылып, екі геннің мақсатты өзгерісі бар екендігі байқалды, - деді А.Шайханова.
Таптырмас мамандықтың тағы бірі Е-журналистика. Бұл ең қажетті, елді елең еткізетін материалдарды әзірлеп берудің қалыптасқан дағдылы жолы. Қазіргі рейтинг бойынша интернет журналистика телевизиядан кейін екінші орында. Алайда журналистиканың бұл түрінің зиянды жағы бар екені де ескертілді. Өйткені, қоғамға іштей іріткі салып, түрлі діни ағымдар мен террористік топтарды ушықтыруға ықпалы тиіп отырғаны да баса айтылды. Сондықтан маман дайындағанда осы жағына ерекше көңіл бөлу керек дейді сарапшылар.
Бұдан басқа ғалымдар жасанды интеллект және мехатроникамен байланысты мамандықтарға сұраныс арта түседі деп топшылап отыр. Түйіндей келгенде, келешектегі еңбек нарығы роботтехникасы және жасанды интеллектпен тығыз байланысты екенін осыдан байқау қиын емес.