• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Қоғам 31 Наурыз, 2020

Карантиндегі карикатуралар

795 рет
көрсетілді

Коронавирусты қылқаламдарымен отандық суретшілер де түйреп жатыр. Жығылатын жау көрінбейді, әттең...

«Коронавирус», «Карантин» деген сөздер қазіргі тілмен айтқанда трендте тұрғаны өтірік емес. «Бәледен машайық қашыпты», «Атың өшкірді сөз етпейік!» дегенімізбен алаңдатып отырған ауыр ахуалды айналып өту мүмкін болмай отыр. Әрине, сіздерден әулие емеспіз, бір ғана айтарымыз, егер сақтанып отырғандарыңыз рас болса, онда сары уайымға салынып, таза сарыла берудің қажеті жоқ сияқты.

Басында бейсауат қатерді қисынсыз қалжыңға айналдырғандарға қаттырақ айтқанымыз рас. Алайда салауатты өмірді насихаттап, сырқатты сарказммен сойылдап жатқандарды шығармашылық тұрғыдан ақтауға тиіспіз. Айтқымыз келіп отырғаны карантиндегі карикатуралар тұман басқан тұлдыр ойымызды сәл де болса сейілтетінін байқадық.

Украиналық карикатура шебері Валерий Момот карантин режіміне арналған карикатуралар сериясын шығарып үлгеріпті. Баспасөз құралдарына берген сұхбатында ол «Бастысы, әрине, денсаулық. Адамдарға айтарым, әзіл-оспақ сезімін жоғалтпаңыздар, оптимист болыңыздар, осының бәрі қазіргі кездегі қиын жағдайды жеңуге көмектеседі» дейді.

Ресейлік суретші Сергей Елкиннің де саяси астары салмақты сықақ суреттері күнделікті Deutsche Welle медиа компаниясының интернет-беттерінде шығып жатыр. «Svoboda.org» порталы аталған қылқалам шеберінің карикатураларын күн сайын беріп отыр.

Коронавирусты  отандық суретшілер де қылқаламдарымен түйрелеп жатыр. Жығылатын жау көрінбейді, әттең...

Белгілі карикатура шебері Ғалым Смағұл өзінің фейсбектегі парақшасына ұрада тығылып аман қалған адамды бейнелеп: «Соғыста көп шошаңдамай окопта жатып, еліне аман келген атамыздың тактикасына көшейік» деп жымиып қойыпты.

Ғалекеңнің «Nege.kz» сайтына бұдан бөлек бірнеше карикатурасы жарияланып үлгерді. Бір суретте әнші Марат Омаров күйсандықтың алдында «Коронавирус, кет, кет, кет!» деп аңыратып ән айтып жатыр. Алдыңғы шепте жап-жасыл вирустардың әскері де, әншінің тылында ақ халатты дәрігерлердің қосыны қол жиып тұр.

Белгілі суретші, дизайнер Аңсаған Мұстафа да аталған аты жоқ індеттің қатерін ескертіп, өз көзқарасын білдіріпті.

Аңсағанның «Үйде отыр!» деген суреті шынымен де қатердің қолындағы шалғы сақтанбасақ кез келгеніміздің желкемізді қиып түсуі мүмкін екенін ескертеді.

Ал «Вируспен ойнама!» суреті балаларды аулаға шығарып, әткеншекпен ойнатуға болмайтынын қаперімізге салады.

Бір сөзбен айтқанда суретшілер де адамзатты қылқаламдарының ұшындағы нәзік қиялдарымен қорғау ат салысуда.

Ал, сіз қандай әрекет етудесіз?