Сәуір айының алтыншы жұлдызында республика мектептеріне қашықтан оқыту үдерісі енгізілмек. Бүгінгі күні оған жан-жақты әзірлік жұмыстыра жүргізілуде. Жаңа істің тетігі оңайлықпен қолға ұстата бермейтіні белгілі. Бұл орайда бүгінгі күні басты проблеманың бірі – интернеті жоқ ауылдарды жаңа форматтағы оқыту жүйесіне тарту екендігі аян.
Оны қалай реттеген жөн? Қазіргі кезде бұл проблеманың бірқатар нұсқасы қарастырылуда. Атап айтқанда, ақтөбелік IT саласының мамандары шалғайдағы интернеті жоқ ауылдар үшін радиобайланыс жүйесін ұсынып отыр. Бұл тың оқыту тәсілі Алға ауданындағы Бестамақ ауылындағы орта мектепте қанатқақты жоба ретінде өз жұмысын бастап кетті.
Бұдан тиген алғашқы тағылым – радиобайланыс жүйесі интернеті жоқ ауылдар үшін таптырмас құрал екендігі. Яғни еліміз бойынша тұңғыш рет Ақтөбе аймағында жүзеге асырылған қанатқақты жоба оқушылардың қашықтан білім алуына тәп-тәуір мүмкіндіктер туғыза алатыны белгілі болып отыр. Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин бұған Бестамақ ауылындағы мектеп оқушыларымен тікелей тілдесу арқылы көз жеткізді.
Алдын ала жасалған талдаулар мен сараптамалар облыстың өзге аудандарындағы бірқатар мектепке де осындай радиобайланыс жүйесі қажет екенін көрсетеді. Соған сәйкес өңір басшысы тарапынан облыстық Білім басқармасына оның қаншасы қажет екендігін анықтау жөнінде арнайы тапсырма берілген. Бұл іс мәреге таяған кезде It мамандары радиобайланыс жүйесін орнықтыру жұмыстарын қолға алмақ.
Ақтөбе облысы