Бүгінде коронавирус індетінің таралуына байланысты елімізде төтенше жағдай енгізілгені белгілі. Еліміз бойынша оқушыларды қашықтықтан оқыту жүзеге асуда. Жастардың үйде отырған уақытын тиімді пайдалануды ұйымдастыру мақсатында Жамбыл облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы онлайн жарыстар, дәрістер мен басқа да оқыту іс-шараларын өткізуді қолға алып отыр.
Аталған басқарманың басшысы Серікбол Берікқожаның айтуынша, ағымдағы жылдың сәуір айында онлайн түрде өткізілетін іс-шаралардың жоспары бекітілген. Жоспар бойынша басқарманың әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында «Kahoot» интелектуалды ойынынан чемпионат ұйымдастырылады. Мұнда жастарға онлайн кеңес беру, хакім ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай «Өлмейтұғын сөз қалдырған артында» атты көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы, әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай «Әлемнің екінші ұстазы» атты посттар байқауы сияқты шаралар өтеді. Сонымен қатар, қазақ, орыс және ағылшын тілдерінен оқыту сабақтарын ұйымдастыру, жастарға пайдалы тақырыптарда мотивациялық кештер мен лекциялар ұйымдастыру, медициналық маска тігу, тігін өнері, ағаш, темірден бұйымдар жасау сияқты жастарды қызықтыратын шараларды ұйымдастырып, оның бейнежазбасын ютуб арнасына орналастыру және облысқа танымал жас өнерпаздардың онлайн концерттерін ұйымдастыру сияқты шаралар өткізу жоспарланған.
«Басқарма әлеуметтік желілердегі парақшалары арқылы салалық басқармалардың қатысуымен мемлекеттік қолдау тетіктері, жұмыспен қамту, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығын қолдау, тұрғын үй және тағы да сол сияқты тақырыптар аясында тікелей эфир арқылы онлайн кеңес беруді бастады. Бүгінде «Мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылуы мен волонтерлік қолдау шаралары», «COVID-2019» короновирусынан сақтану шаралары және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің тиімділіктері» туралы тікелей эфир арқылы онлайн кеңестер берілді», дейді Серікбол Берікқожа.
Жамбыл облысы