• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Коронавирус 31 Наурыз, 2020

Коронавирустан қайтыс болғандарды жерлеу алгоритмі айқындалды

1120 рет
көрсетілді

Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер Айжан Есмағамбетова коронавирус індетінен қаза тапқандарды жерлеу алгоритмі айқындалған қаулы шығарды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

COVID-19-ға күдікті адамның қайтыс болу жағдайы анықталған кезде эпидемиологиялық тексеру және осы жағдайға байланысты басқа да іс-шаралар эпидемияға қарсы режим талаптарын сақтай отырып, мәйіт анықталғаннан кейін тез арада жүргізіледі.

СОVID-19 диагнозы зертханалық расталған жағдайда қайтыс болған адамның денесі ашылмайды және туыстарына берілмейді.

COVID-19-ға күдікті қайтыс болған адамның денесі зертханалық зерттеу нәтижелерін алғанға дейін туыстарына берілмейді.

Диагноз күмән тудырған жағдайда:

- мәйітті оқшаулап сақтау жағдайлары болмаған жағдайда (немесе төтенше жағдайлар кезінде) мәйітті жерлеу зертханалық зерттеулердің нәтижелерін күтпестен, эпидемияға қарсы режим талаптарына сәйкес жүргізіледі;

- мәйітті толық оқшаулауды және сақтауды қамтамасыз ету жағдайлары болған кезде жерлеу зертханалық зерттеулердің нәтижелерін алғанға дейін кейінге қалдырылуы мүмкін;

- СОVID-19-ға зертханалық зерттеудің кез келген түрі оң нәтиже берген жағдайда мәйітті жерлеу биологиялық қауіпсіздік шараларын сақтай отырып жүргізіледі;

- COVID-19-ға және басқа да аса қауіпті инфекцияларға зерттеу нәтижесі теріс болған жағдайда мәйіт әдеттегідей жерлеу үшін туыстарына беріледі.

COVID-19-бен ауыратын науқастардың мәйіттерін қарап тексерумен, тасымалдаумен, жұмыс істеумен және қызмет көрсетумен байланысты барлық адамдар жеке қорғаныш құралдарын (қолғаптар, бетті қорғауға арналған экрандар, сондай-ақ қорғаныш дәрежесі жоғары маскалар немесе респираторлар (кемінде 2-ші қорғаныш сыныбы немесе FPP2), таза, стерильді емес, ұзын жеңді суға төзімді халатты (немесе суға төзімді бір рет қолданылатын костюм, немесе суға төзімді комбинезон), резеңке етікті немесе қонышы ұзын резеңке бахилаларды (бұдан әрі – ЖҚҚ) пайдаланады.

COVID-19-дан қайтыс болған адамның мәйітін жерлеуге  (жууға) дайындау алдында қайтыс болған адамның бетіне (тыныс алу жолдарына) вирулицидті (бактерицидті) құралға молынан суланған масканы (сулықты) қою қажет.

Қайтыс болған адамның мәйітін сақтау қажет болған жағдайда дезинфекциялау құралына молынан суланған жаймамен орап, содан кейін арнайы бөлінген таңбаланған кассеталық тоңазыту камерасына салу қажет.

Табытсыз (ұлттық әдет-ғұрып бойынша) көмген кезде COVID-19-дан қайтыс болған науқастың мәйітін жуу прозектурада жүргізіледі. Мәйітті жууға тартылған адамдар (3 адамнан артық емес) ЖҚҚ киеді (алжапқышы бар су өткізбейтін халат, көзілдірік, маскалар, қолғаптар), дезинфекциялау ерітіндісімен жуады және пайдаланылатын препараттың нұсқаулығына сәйкес концентрациядағы тиісті вирулицидті (бактерицидті) дезинфекциялау ерітіндісі сіңдірілетін матаға («саван», кебін) орайды. Содан кейін дене полиэтилен пленкамен оралып, тығыз матаға оралады. Жерлеу кезінде ақыретті ашуға және қайтыс болған адамның бетін ашуға тыйым салынады. Туыстарымен қоштасу жерлеу іс-шарасын (жаназа, «отпевание» және т.б.) жүргізу үшін мәйітті кемінде 3 м қашықтықта беруге рұқсат етіледі, бұл ретте мәйіт қайтыс болған адаммен қоштасу орнында 1 сағаттан артық болмауы тиіс. Жерлеу рәсіміне бір ғана дін қызметкерінің қатысуына жол беріледі.

Бұл ретте, діни қызметші және туыстары қайтыс болған адамның денесімен жанаспайды.

Табытпен көмген кезде (ұлттық әдет-ғұрып бойынша) қайтыс болған адамның мәйіті пайдаланылатын препараттың нұсқаулығына сәйкес концентрациядағы тиісті вирулицидті (бактерицидті) дезинфекциялау ерітіндісі сіңдірілген матаға оралады. Содан кейін дене полиэтилен пленкамен оралып, қайтадан тығыз матаға оралады. COVID-19-дан қайтыс болған адамның мәйіті жерлейтін жерге металл немесе тығыз жабылған ағаш табытта тасымалданады.

Жерлеу рәсімі кезінде дене жабық болуы керек, табыт та қақпағымен жабылуы керек. Жерлеу рәсіміне тек жақын туыстары ғана жіберіледі.

Мәйітті тасымалдау және жерлеу кезінде биоқауіпсіздік шараларын сақтау үшін кемінде 5-7 адамды қамтитын жерлеу тобы жасақталады, оларға санитариялық-эпидемиологиялық қызмет ведомствосының аумақтық бөлімшелерінің немесе обаға қарсы күрес мекемелерінің мамандары ілесіп жүреді.

Қайтыс болған адамның мәйітін (сүйектерін) жерлеу орнына тасымалдау денсаулық сақтау ұйымдарының, жергілікті атқарушы органның арнайы көлігімен жүзеге асырылады.

Топ арнайы жеке қорғаныш құралдарымен (қорғаныш костюмдерімен, қолғаптармен, маскалармен, аяқ киіммен), күрекпен, арқанмен, гидропультпен, шелектермен, канистрлермен немесе суы бар флягалармен, дезинфекциялау ерітінділерімен қамтамасыз етіледі.

Жерлеу аяқталғаннан кейін құрал-саймандар, қорғаныш киімі, көлік қабірдің шетінде тікелей көмілген жерде тиісті концентрациядағы және экспозициядағы дезинфекциялау құралдарымен зарарсыздандырылады.

Мәйітті көму орнына тасымалдау үшін пайдаланылған көлік нұсқаулыққа сәйкес тиісті концентрациядағы дезинфекциялау құралдарымен мұқият жуу немесе гидропультпен қарқынды сулау жолымен зарарсыздандырады.

Көлікті дезинфекциялауды (жууды) жүргізетін адамдар жеке қорғаныш құралдарын (қорғаныш халаты, қолғаптар, маскаларды) пайдалануы қажет.

Көлікті басқа орындарда дезинфекциялауға және көму орнынан зарарсыздандырылмаған құрал-саймандарды, пайдаланылған қорғаныш киімдерін және мәйітті тасымалдау мен көмуге пайдаланылған басқа да заттарды әкетуге жол берілмейді.

Жерлеу рәсіміне және көмуге қатысқан адамдар инкубациялық кезең ішінде (14 күн) медициналық бақылауға жатады. 

Ел аумағында СОVID-19-дан шетел азаматтары қайтыс болған жағдайда мәйітті тасымалдау және оны көму бойынша барлық іс-шаралар Қазақстан Республикасының қолданыстағы нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырылады.