Fadeawayworld.net. сайты әр жылдары Ұлттық баскетбол қауымдастығында (ҰБҚ) өнер көрсеткен ең үздік ойыншылардың тізімін жариялады.
Үздіктер тізімін даңқы жер жарған Майкл Джордан (бойы – 198 см., салмағы – 98 кило) жеке-дара көш бастап тұр. 1984-2003 жылдар аралығында «Чикаго Буллз» бен «Вашингтон Уизардс» клубында өнер көрсеткен айтулы баскетболшының бағындырмаған белесі жоқ. Теңдессіз өнеріне тамсанған жанкүйерлер оны «Ұшқын Джордан» деп атайтын.
Екінші орында – Джеймс Леброн (бойы – 203 см., салмағы – 114 кило). 10 жыл «Кливленд Кавальерс» және төрт жыл «Майами Хитсте» ойнаған «Акронның балғасы» бұл таңда «Лос-Анджелес Лейкерстің» сапында жасындай жарқырап жүр.
Үшінші орынды Хәкім Оладжьювон (бойы – 213 см., салмағы – 116 кило) иеленуде. Нигерияда туып-өсіп, кейіннен АҚШ азаматтығын алған ол 1984-2002 жылдар аралығында «Хьюстон Рокетстің» шоқ жұлдызы болды.
Төртінші сатыға Ларри Берд (бойы – 206 см., салмағы – 100 кило) жайғасты. 1979-1992 жылдары «Бостон Селтикстің» беткеұстары болған ақ нәсілді азамат өзінің мықтылығын түбегейлі мойындатты.
Бесінші орын Тим Данканға (бойы – 211 см., салмағы – 113 кило) бұйырды. 19 жыл бойы «Сан-Антонио Сперстің» сапында ойнап, миллиондаған көрерменнің көзайымына айналған ол өзінің спорттық мансабын тек осыдан төрт жыл бұрын ғана аяқтады.
Алтыншы орынды Кобе Брайант (бойы – 198 см., салмағы – 96 кило) еншілеуде. Табаны күректей 20 жыл бойы (1996-2016 жылдары) тек бір команданың – «Лос-Анджелес Лейкерстің» намысын қорғаған «Қара Мамба» үстіміздегі жылдың 26 қаңтарында әуе апатынан қайтыс болып, күллі жанкүйерді қан жылатып кеткен еді.
Жетінші орында – Ирвин Джонсон (бойы – 206 см., салмағы – 116 кило). Жастайынан «Мэджик», яғни «Сиқыршы» деген бүркеншік есімді иеленген ол 1979-1991 жылдары «Лос-Анджелес Лейкерстің» басты жұлдызы болды. Теңдесі жоқ шеберлігінің арқасында сан миллион жанкүйердің жүрегін жаулаған Джонсон одан кейін де көз арбаған биіктерді бірінен кейін бірін бағындыратынына күмән жоқ еді. Алайда асқан дарын иесі СПИД дертіне шалдығып, үлкен спорттан қол үзуге мәжбүр болды.
Сегізінші орынды Шакил О’Нил (бойы – 216 см., салмағы – 147 кило). иемденді. Дене бітімі өте ірі және салмағы тым ауыр болғанына қарамастан Нью-Джерси штатының тумасы өз дәуірінің ең үздік баскетболшыларының бірі ретінде тарихта қалды. 1992-2011 жылдар аралығында О’Нил алты бірдей клубтың жейдесін киді.
Тоғызыншы орында – Кәрім Абдул Жаббар (бойы – 218 см., салмағы – 121 кило) 1969-1989 жылдары аралығында әуелі «Милуоки Бакс», одан кейін «Лос-Анджелес Лейкерстің» символына айналып, «Ілмек лақтырудың королі» атанған жігіттің жасындай жарқыраған шағын дүйім жұрттың әлі де ұмыта қоймағаны анық.
Оныншы орынды Билл Рассел (бойы – 208 см., салмағы – 98 кило) иеленуде. Өзінің спорттық жолын 1966 жылы бастап, 1988 жылы аяқтаған ол сол аралықта «Бостон Селтикс», «Сиэтл Суперсоникс» және «Сакраменто Кингздің» құрамында ойнады. Жуырда ғана 86 жасқа толған ақсақал қазіргі кезде АҚШ-тың Калифорния штатындағы Окленд қаласында тұрып жатыр.