Қызылордада коронавирус белгісін жұқтырған алғашқы тұрғын 28 наурызда анықталған еді. Іле-шала Оңтүстік Кореяда жұмыс істеп келген 65 жастағы осы тұрғынның денсаулығын тексерген емханадағы медбикенің де індетке шалдыққаны белгілі болды. Ал 30 наурыз күні бойы вирус белгісі табылған тағы 3 тұрғын тіркелді.
Осыдан кейін-ақ қауіпті індеттің таралып кетуінің алдын алу мақсатында карантин жарияланды. Облыстың бас санитарлық дәрігерінің 30 наурыз күнгі №4 қаулысына сәйкес кеше сағат 00:00-ден бастап қала аумағына көліктің барлық түрлерінің кіруіне және шығуына тыйым салынып отыр.
Қаулыға сәйкес діни үйлердің, балабақшалардың, базарлардың, сауда үйлерінің, жеке тұрған азық-түлік емес дүкендердің басқа да халық көп шоғырланатын нысандардың жұмысы уақытша тоқтатылды.
Азық-түлік тауарларын, дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды, сондай-ақ халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуге арналған заттарды тасымалдайтын және өнеркәсіптік, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының қызметін қамтамасыз ететін автокөліктерге шектеу қойылмайды. Ал жолаушылар тасымалымен айналысатын авто және әуе көліктеріне 14 тәулікке дейін қала аумағына кіріп-шығуға тыйым салынады. Соңғы стансасы Қызылорда қаласы болып табылатын пойыздардан басқа бағыт жолаушылары қалаға кіріп-шыға алмайды. Облыс орталығына келетін транзиттік жолаушылар Тереңөзек және Шиелі стансаларынан түсіп, жол бойындағы блок-бекеттерге куәландырушы құжаттарды ұсына отырып қалаға жете алады.
Азық-түлік сатумен айналысатын сауда орындарының, дәріханалардың және бірінші кезекте қажетті тауарлар сататын орындар күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режімде жұмыс істейді. «Клиенттерге дейін жеткізу» қағидаты бойынша жұмыс істеуге көшетін мейрамханалар мен дәмханалар, қоғамдық тамақтану орындарының санитарлық талапты қатаң сақтауы тапсырылды.
Жағдайға байланысты облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова тұрғындарға үндеу жариялап, артынша жедел штаб отырысын өткізді. Отырыста тиісті орындарға медициналық бетперде, өзге де құрал-жабдық, антисептиктерге қажетті қаржы көлемін нақтылап, есебін облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына ұсыну тапсырылды. Қашықтан оқыту бойынша білім беру ұйымдары мен оқушылардың дайындығын қамтамасыз ету де пысықталды.
Облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасы аймақтағы ірі компаниялардың өз қаражаты есебінен барлық жұмысшысын коронавирусты анықтайтын тестен өткізуіне ықпал етуі қажет.
Азық-түлік қорын молайтып, оны жергілікті жерлерге жеткізу мәселесін реттей отырып, әлеуметтік маңызы бар тауар бағаларының шарықтауына жол бермеу аса маңызды. Осы мақсатта облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына облыстық тұрақтандыру қорын толықтыру жүктеліп отыр.
Облыс басшысы қала және аудан әкімдеріне, тиісті орындар басшыларына төтенше жағдай режіміне сәйкес қауырт жұмыс күтіп тұрғанын ескертіп, анықталған деректер бойынша жұртшылықты дереу хабардар етуді тапсырды.
Осындай қиын уақыттағы күрделі мәселенің бірі жұмыс орындарын сақтап қалу.
– Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы қала және аудан әкімдерімен бірлесіп, өңірлердегі бос жұмыс орындарына күнделікті мониторинг жүргізуі тиіс. Төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау сапалы әрі уақтылы жүргізілуі керек, – деді Гүлшара Наушақызы.
Кеше, яғни 31 наурыз күні облыстағы Жаңақорған ауданының өзінде тағы 8 тұрғынның бойынан вирус белгісі табылды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Әбдісәметов олардың аудандық ауруханаға жатқызылғанын мәлімдеді.
ҚЫЗЫЛОРДА