• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Аймақтар 01 Сәуір, 2020

Жамбыл облысы: Қант қызылшасын өткізу мәселесі өзекті

407 рет
көрсетілді

Көктем мезгілінің ауыл шаруашылық саласына тың серпін беретіні сөзсіз. Мал төлдеп, көктемгі егіс дала жұмыстарының қызатын кезі. Бүгінде облыс орталығымен іргелес жатқан Байзақ ауданында асырушы сала алға басуда.

«Аспан агро» қожалығының жетекшісі Саха Манатовтың айтуынша, шаруашылықтың 1500 гектар жері бар екен. Оның 600 гектары өзінің 200 бас мүйізді ірі қарасына арналған жайылым алқабы. Сондай-ақ, шаруа қожалығы өз жылыжайында көкөніс өсірумен айналысуда. Қызылша, жүгері, бидай және алма өсіру ісін де жолға қойған. Сонымен қатар, «Аспан агро» мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасының алғашқы қатысушыларының бірі. Саха Манатов мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін айта келіп, лизингке ауыл шаруашылығы техникасын және жыл сайын қызылша өсіру үшін субсидияға қол жеткізіп отырғанын айтты. «Бүгінде 110 гектар жерге қызылша отырғызу жұмыстарын бастап кеттік. Келісім-шарт арқылы «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы тұқыммен қамтамасыз етуде. Ол үшін тиісті қаржыны өнімді жинағаннан кейін қайтарамыз» дейді ол.

Алайда, шаруашылық басшысы Саха Манатов қызылшасын ешқайда өткізе алмай қалам ба деп алаңдайтынын да жасырмады. Оған себеп болған негізгі мәселе – қызылша өсірушілер мен «Меркі» қант зауыты арасындағы мәселенің әлі күнге толық шешілмегендігі. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Байзақ ауданына жұмыс сапарымен барғанда басқа да тәтті түбір өсірушілер осы түйткілді мәселені көтерді. «Диқандарға қант қызылшасының егіс алқабын кемітуге болмайды. «Меркі» қант зауытына қатысты мәселе менің жеке бақылауымда. Зауыт басшылығымен арнайы кесте жасалды. Кесте бойынша олар өз берешектерін толық төлеуге тиіс. Сәуір айының соңына дейін бұл мәселе шешілуі керек», деді Бердібек Сапарбаев.

Сондай-ақ, әкім субсидия көлемінің ұлғайғаны туралы да айтқан еді. Бұл жағымды жаңалық байзақтықтарға жігер сыйлап, шаруалар енді қант қызылшасын өсіруді белсенді түрде жалғастыратын болды. Олар өз сөзінде 250 шаруашылықты қамтитын  облыстың қызылша өсірушілерінің қауымдастығы құрылатынын жеткізді. Ал, Бердібек Сапарбаев болса жиналғандарға жаңа қант зауытының құрылысы бойынша түрлі нұсқаларды қарауды ұсынды. «Сіздердің кез-келген ұсыныстарыңызды қарауға дайынбыз. Бұл орайда «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша көрсетілетін қолдауларды пайдалануға болады», деді әкім. Сонымен қатар, кездесуде фермерлер химиялық тыңайтқыштарға қол жеткізу оңай еместігін жеткізді. Олар тыңайтқыштарды келісімшарт арқылы жергілікті химиялық зауыттардан алуға ниетті екендіктерін, ал ақшаны өнімді өткергеннен кейін қайтарғысы келетіндіктерін айтты. Бердібек Сапарбаев бұл мәселені қарастыруға уәде берді. Тағы бір айта кетерлігі, өңірде ауыл шаруашылық саласымен айналысу үшін су мәселесі де шешімін табатын болды. Жуырда ғана облыс әкімі Қырғыз Республикасының Премьер-Министрімен кездесіп, Шу мен Талас өзендері және мемлекет арасындағы ағынды су  жүйелерін бөлу жайын талқылады. Осы орайда суармалы алқаптар көлемі ұлғаяды деп күтілуде. Алайда, ол үшін алдымен су арналарын ретке келтіру маңызды. Бердібек Сапарбаев су арналарын, дренаждық жүйелер мен құрылыстарды қайта жаңғырту барысымен танысты. Ауданда «Түймекент», «Дөңсары», «Өтеген», «Ұзын» ішкі шаруашылық каналдарын қамтитын «Байзақ» магистралды каналы бар. Бүгінде оларды тазалаумен «Талас-Аса» су шаруашылығы кәсіпорнының базасындағы механикалық  жасақ айналысуда. Бөгет салынып, су тораптары жөнделуде. Оның жалпы сметалық құны 700 миллион теңгені құрайды. Бердібек Сапарбаев жобалаушы мен техникалық қадағалаушылардың жұмысына наразылық білдіріп, олар ескермеген көп кемшіліктерді айтты. «Кейін бөгет жарылып кетпес үшін, қазіргі құрылыс жұмыстары сапалы атқарылу керек. Сіздер өте жауапты іспен айналысып отырсыздар. Жұмыстың бұл кезеңінде ешкім бақылауды қамтамасыз етпейді, барлығы өз білгенін істейді», деді әкім. Бердібек Сапарбаев бұл мәселені зерттеуді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашевке тапсырды.

 

Жамбыл облысы