• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 01 Сәуір, 2020

Ақтөбе облысы: Бағаны негізсіз көтергендерді автоматты жүйе айқындайды

146 рет
көрсетілді

Биылғы 2020 жылдың қаңтар айында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен «Атамекен» ҰКП «Мемлекеттік сатып алудың бірыңғай терезесі» ақпараттық талдау жүйесін құрғаны мәлім. Сөйтіп, бұдан үш ай бұрын аталған жүйе өз қызметін бастап кеткен-ді. Осы уақыт аралығында жүйеде жүргізілген мониторингтер жоғары сапалық деңгейге ие бола бастағаны белгілі болып отыр.

Оның басты бір айғағы биылғы 2020 жылдың алғашқы тоқсанында Ақтөбе облысында мемлекеттік сатып алурдан 62 миллион теңгеден аса қаражат үнемделгені. Бұл жағымды жайт ақпараттық талдау жүйесі арқылы жүргізілген мониторинг негізінде айқындалған. Аталған жүйе құрылған күннен бері тауарлар мен қызмет түрлеріне сатып алу лоты жарияланып келеді.

Мамандардың мәлімдеуінше, бағаны негізсіз көтеретін мемлекеттік сатып алу үдерісіне қатысушылар автоматтандырылған талдау арқылы анықталып отырады. Яғни лоттағы тауарлар мен қызметтердің орташа бағасы дәл осындай тауар не қызмет түрін жариялаған өзге лоттардағы бағамен автоматты түрде салыстырылады. Дәл осы тұста алшақтыққа жол берген мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор нысандары бірден анықталады деді Egemen.kz тілшісіне Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Мерлан Мұхамбетов.

Сондай-ақ, оның айтуынша, мұндай баға бұрмалаушыларға жол бергендерге орташа нарықтық бағаларды қолдану ескертіледі. Соған қарамастан мемлекеттік сатып алу бағасы құқықбұзушылыққа бейім тұрады екен. Қазіргі деректер саладағы заңбұзушылықтар жыл сайын өсіп келе жатқанын көрсетуі де сондықтан болса керек.

Айталық өткен 2019 жылы мемлекеттік сатып алулар кезінде Ақтөбе облысы бойынша 14 құқықбұзушылық анықталса, оның алдындағы 2018 жылы тек тоғыз дерек тіркелген.

 

Ақтөбе облысы