• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 01 Сәуір, 2020

«Боралдай нанның» тұтынушылары нансыз қалмайды

651 рет
көрсетілді

Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты Алматы облысында да қауіпсіздік шарасы күшейтілді. Қазір азық-түлік сататын дүкендерден басқа сауда орындарының жұмысы толықтай тоқтаған. Аймақтағы тағам өндіретін кәсіпорындардан басқа шағын өндіріс орындары да уақытша жабылды.

Ал тұрғындарды күнделікті нан өнімдерімен қамтитын наубайхана мен цехтардың жұмысы қатаң қадағалауға алынып, санитарлық талаптар мейлінше күшейтілді. Алматы маңындағы ауылдарды күн сайын нан өнімдерімен қамтып отырған «Боралдай нан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де осы санатқа кіреді. Наубайхана тәулігіне 28 - 30 мың дана нан пісіреді екен. Піскен нанды күн сайын Іле ауданы мен қаладағы азық-түлік дүкендеріне жөнелтіп отыр. Алматы қаласының карантинге жабылуына орай жол қатынасында қиындық кездескенімен, мұқият тексеруден өтіп, залалсызданған арнайы тасымал көліктері  «Боралдай нанның» тұрақты тұтынушыларын нансыз қалдырмайды. Қазір де наубайхана пісірген кәдімгі нан, тоқаш, кондитерлік өнімдерге сұраныс бар. Нан-тоқаш өнімдерінің сапасы стандартқа сай, бағасы да тұрақты.

- Төтенше жағдайда жұмысшылардың алаңсыз еңбек етуіне мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалған. Аудан аумағындағы елді мекендерде тұратын жұмысшылар арнайы автобуспен тасымалданады. Біздің ұжымдағы  қызметкерлер мекеменің бос бөлмелеріне орналастырылған. Бүгінде нан зауытында екіжүздей адам еңбек етуде. Тасымалдау жағынан да қиындықтар жоқ. Әкімшілік дер кезінде жүйелі жұмыс жасауда. Төтенше жағдайға тез арада бейімделіп, халықты үздіксіз нанмен қамтамасыз етуге көштік. Біз шығаратын нанның бағасы қымбат емес. Жалпы, ауданда, қала маңында нан тапшылығы болмайды деп сендіреміз, - дейді «Боралдай нан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Владимир Пакт.

Алматы облысы