Парламент Мәжілісінің депутаты Зәуреш Аманжолова қазіргі қысылтаяң кезеңде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің кейінге шегерілуі оң қадам екенін, мұның біраз азаматқа үлкен көмегі тиетінін атап өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың респуликалық телеарналар арқылы тікелей эфирде жасаған мәлімдемесінен еліміздегі төтенше жағдай және экономикалық-әлеуметтік саладағы дағдарыс қарсаңында қабылданған іс-шаралар жоспарына қанықтық.
– Халқымызда «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген сөз бар. Ең алдымен, Президенттің қадағалауымен коронавирус індетінің алдын алу іс-шараларының уақытылы қолға алынғанын атап өткім келеді. Елімізге жаманат хабардың алғаш жеткен сәтінен бастап шұғыл түрде шекарадағы бақылауды күшейту, қалаларды карантинге жабу, қоғамдық орындардағы қозғалысты шектеу сияқты қадамдар дер кезінде жасалды. Өйткені біздің елді бүкіл ел болып тойлайтын үлкен мерекеміз Наурыз күтіп тұрған еді. Бұл күндері ежелден келе жатқан салтымыз бойынша алқалаған ағайын бір-бірімен көрісіп, төс қағыстырып, ұлттық мерекеміз ұлан-асыр тойға ұласып жататын еді. Осы мейрамымызды жылдағы дәстүрімен, сән-салтанатымен атап өтетін болсақ, аты жаман індеттің кең таралуына мүмкіндік беріп қояр едік, – дейді депутат.
Зәуреш Аманжолова өзі дәрігер болғандықтан, Мемлекет басшысының міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша сақтандырылмаған азаматтардың медициналық көмек алу құқығын 1 сәуірден 1 шілдеге дейін ұзартуды тапсырғанын өте құптарлық іс деп бағалады.
Оның айтуынша, МӘМС жүйесін 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізу керек болған. Бірақ бұл үдерісті бірден енгізу оңай болмайтынын ескеріп, үш айға кейін шегерген еді. Енді іс-шара қазіргі ахуалға байланысты тағы үш ай тоқтатылады. Яғни, медициналық көмек азаматтарға бұрынғыдай қолжетімді болып қала береді. Себебі аталған жүйе қысылтаяң кезеңде қарапайым жұрттың қалтасына салмақ түсіреді. Бүгінде мемлекет 15 санаттағы азаматтарға әлеуметтік сақтандыру пакетін төлеп беріп отыр. Бұлардың жалпы үлесі – 10,5 млн адам.
– Сонымен қатар коронавирустың жер жаһанды жаулап, өршіп тұрған шағында күн-түн демей, аяғынан тік тұрып қызмет етіп жүрген дәрігерлерге Президенттің өзі бас болып жасалып жатқан ерекше қамқорлық пен халықтың қолдауы өте маңызды. Медицина қызметкерлерінің айлығына үш ай бойы үстемақы қосу туралы шешімнің орынды болғаны анық. Бастысы, бірліміз бекем болып, қабылданған қауіпсіздік шараларын қатаң сақтайтын болсақ, адамзаттың басына төнген бұл індеттің де бетіп қайтарып, еңсереміз деп сенемін, – дейді Зәуреш Аманжолова.