Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі төтенше жағдайға және мемлекеттің дағдарысқа қарсы іс-шараларына байланысты мәлімдеме жасады. Бұған дейін шағын және орта бизнесті қолдауға арналған іс-шаралар кешені жарияланған болатын. Шағын және орта кәсіпкерлер үшін салық жеңілдіктері қарастырылып, азаматтарға несені өтеу мерзімі кейінге шегерілді. Президент әсіресе, үнемі мемлекеттің қолдауына зәру екінші деңгейлі банктердің ендігі халыққа көмек қолын созар уақыты келгенін айтып, несиеның үсеме пайызын төмендету сынды шараларды қабылдауға кеңес берді. Бұл бастама отандық сарапшылар тарапынан қос қолдап қолдау табуда.
̶ Қаржы нарығын реттеу агенттігі шағын және орта бизнестің несиелерін өтеу мерзімін ұзарту, төлемді қайта қарастыру мәселелері бойынша банктермен, басқа да қаржы ұйымдарымен жұмыс жүргізуде. Осы мәселеге жеке тоқталып өткен жөн. Көптеген кәсіпкер төтенше жағдай кезінде несиенің пайыздық үстемеақысын есептемеу үшін банктерге тапсырма беруді сұрап отыр. Мұндай қадам банктерді шығынға ұшырататынын түсінуіміз керек. Олар да біздің экономикамыздың ажырамас бөлігі. Дегенмен, мен тағы да екінші деңгейдегі банктерден азаматтық жауапкершілік пен түсіністік танытуды сұраймын. Банктер қиын жағдайға тап болғанда мемлекет оларға айтарлықтай көмек берді. Қазір сіздер халыққа және отандық бизнеске қолдау көрсетулеріңіз керек, ̶ деген Мемлекет басшысы қажет болған жағдайда мемлекет тарапынан қосымша нұсқаулық шаралар қолға алынатынын, жағдай одан әрі ушығатын болса, Үкімет пен қаржы саласының құзырлы органдары бұл мәселені шешу үшін тиісті шаралар қабылдайтынын баса атап өткен еді.
Экономика ғылымдарының кандидаты, Қазақ технология және бизнес университетінің аға оқытушысы, Сапарбай Жобаев қазіргі әлемдік экономика тығырыққа тіреліп, теңгеміз құнсызданып, коронавирус салдарынан карантин режімінде өндіріс орындары тоқтап, халық үйінде отыруға мәжбүр болған қысылтаяң уақытта банктер өз клиенттеріне көмек қолын созуға тиіс екенін айтады. Оның пайымдауынша, бұл қадамға Ұлттық банк пен Үкімет мұрындық болып отыр.
̶ Несиелердің уақытын ұзарту, пайыздық мөлшерлемені төмендету екініші деңгейді банктерге де оңайға түспейтіні анық. Күні кеше Мемлекет басшысы шағын және орта кәсіпкерлерге банктер тарапынан берілетін несиенің пайызын төмендету мәселесін де назарға алды. Бұл ретте біздегі Halyk Bank, ЦентрКредит, Jýsan сияқты ірі банктер Президент айтқан несиелердің уақытын ұзартуға, пайызын төмендетуге еш қиындықсыз бара алады. Себебі, олардың біржылдық табысы өзгелермен салыстырғанда айтарлықтай жоғары. Бұл банктер тарапынан резервтен түскен қаражатқа орта кәсіпкерлікке берілетін несенің пайызын төмендетуіне толық мүмкіндік бар. Бірақ бұндай «жомарттықты» барық банктер бірдей жасай алмайды. Себебі бұл банктер коммерциялық ұйым болғандықтан жұмысшыларына төленетін жалақысы бар бұған қоса, банк өзінің айналма капиталын сақтауға мүдделі, ̶ дейді экономист. Сонымен қатар, банк саласындағы ахуалдың күрделенуіне Ұлттық банктің қайта қаржыландыру мөлшерлемесін 12 пайызға көтергені тікелей ықпал етіп отыр. Бұл дегеніміз кәсіпорындар мен халықтың 17 трлн теңге дипозиттегі ақшасына банктердің пайызы көтерілді деген сөз. Бұл сонымен қатар, банктердің де қаражаты артты дегенді білдіреді. С. Жобаевтың айтуынша, дипозиттерге берілетін үстеме пайыз артқандықтан несиенің де мөлшерлемесі 14-15 пайыздан 17-18 пайызға дейін жоғарылауы заңдылық. Өйткені банктер, шыққан шығын ақшаларын несие пайызы арқылы жабуды көздейді.
Ал берілген неселерді үстеме пайызсыз қайтаратындай жағдай жасау мүлде мүмкін емес. Себебін экономист былай түсіндіреді:
̶ Банк тарапынан 1 млн теңге несие беріліп, оны белгілі бір уақыт ішінде үстеме пайызсыз қайтаратын болса, аталған мерзім аралығындағы инфляциялық жоғалтуға алып келеді. Бірақ мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылған ипотекалық банктер мен қорларда берілген несиелердің пайызын 3-4 айға есептемеуге мүмкіндіктері бар, әлеуметтері жетеді, ̶ дейді С.Жобаев.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев екінші деңгейлі банктердің қазіргі жағдайға түсіністік танытуын қадап айтқанымен нарық заңы бойынша бұл банктерге қандай да бір нақты бұйрық беру мүмкін емес. GSB UIB бизнесті таллау орталығының сарапшысы экономист Мақсат Халықтың сөзінше ендігі «жүктің ауыр бөлігі» банктердің өздеріне түсейін деп тұр.
̶ Әлемде орын алған 2007-2009 жылдардағы қаржы дағдарысынан кейін жаһандағы ірі банктердің өзі дағдарыстан толықтай сауығып кетті деп айтуға келмейді. Сол кездеңде Ұлттық қордан 4 млрд доллар құрдымға кеткелі тұрған екінші деңгейлі банктерді құтқаруға берілген болатын. Мемлекет бірнеше банктің акцияларын сатып алып, ол банктер тіптен мемлекеттің меншігіне өтіп кеткен еді. Кейін «құтқарылған» банктердің барлығы банкрот болды. Қазір кезінде соншама қаражатты осы банктер үшін жұмсау қаншалықты қажет болды? деген белі бүкір сұрақ туындайды. Өйткені Ұлтық қордың құтқару үшін бөлінген қаражатынан кейін көп ұзамай 1-2 жылда банктер банкротқа ұшырады. Ақыры құрдымға кететіні бар неге бірден сол кезде банкрот болуына көндікпедік деп өкінеміз. Қаншама қаражат далаға кеткенін кейін түсініп отырмыз, ̶ дейді сарапшы. Осы ретте, қазіргі қысылтаяң шақта банктер қаншалықты халыққа көмектесуге дайын? деген сұрақ туындайды. М.Халықтың айтуынша, банктер белгілі бір дәрежеде несие бойынша төлемдерді шегеруге мүдделі екендіктерін жақсы түсініп отыр. Ескеретіні, Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтеріп, соған сай дипозиттердің де пайызы көтерілді. Бұл дипазиттердің иесі ̶ банктердің салымшылары екені түсінікті. Енді олар салымшылар алдындағы міндеттерін орындай ала ма? Дипозиттердің ең төменгісі 12 пайыздан басталады. Бұндай талаптарды орындау банктер үшін қиындық туғызбай ма? Ертеңгі күні банктер салымшылар алдындағы міндеттерін орындай алмайтынын айтып, мемлекеттен көмек сұрайтындай халге жетпей ме? GSB UIB бизнесті таллау орталығының сарапшысы қазіргі қаржылық келеңсіздіктерге байланысты бұндай жағдайдың орын алуы әбден мүмкін екенін ескертеді.