Қаржы нарығын реттеу агенттігі шағын және орта бизнестің несиелерін өтеу мерзімін ұзарту, төлемді қайта қарастыру мәселелері бойынша банктермен, басқа да қаржы ұйымдарымен жұмыс жүргізуде. Осы мәселеге жеке тоқталып өткен жөн. Көптеген кәсіпкер төтенше жағдай кезінде несиенің пайыздық үстемеақысын есептемеу үшін банктерге тапсырма беруді сұрап отыр. Мұндай қадам банктерді шығынға ұшырататынын түсінуіміз керек. Олар да біздің экономикамыздың ажырамас бөлігі. Дегенмен, мен тағы да екінші деңгейлі банктерден азаматтық жауапкершілік пен түсіністік танытуды сұраймын. Банктер қиын жағдайға тап болғанда мемлекет оларға айтарлықтай көмек берді. Қазір сіздер халыққа және отандық бизнеске қолдау көрсетулеріңіз керек.
Президент Қ.Тоқаевтың мәлімдемесінен
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі төтенше жағдайға және мемлекеттің дағдарысқа қарсы іс-шараларына байланысты мәлімдеме жасады. Бұған дейін шағын және орта бизнесті қолдауға арналған іс-шаралар кешені жарияланған болатын. Шағын және орта кәсіпкерлер үшін салық жеңілдіктері қарастырылып, азаматтарға несиені өтеу мерзімі кейінге шегерілді. Президент әсіресе үнемі мемлекеттің қолдауына зәру екінші деңгейлі банктердің ендігі халыққа көмек қолын созар уақыты келгенін айтып, несиенің үстеме пайызын төмендету сынды шараларды қабылдауға кеңес берді. Бұл бастама отандық сарапшылар тарапынан қолдау табуда.
Қаржы секторына сынақ
Мемлекет басшысы қажет болған жағдайда мемлекет тарапынан қосымша нұсқаулық шаралар қолға алынатынын, жағдай одан әрі ушығатын болса, Үкімет пен қаржы саласының құзырлы органдары бұл мәселені шешу үшін тиісті шаралар қабылдайтынын баса атап өткен еді.
Экономика ғылымдарының кандидаты Сапарбай Жобаев қазіргі әлемдік экономика тығырыққа тіреліп, теңге құнсызданып, коронавирус салдарынан карантин режімінде өндіріс орындары тоқтап, халық үйінде отыруға мәжбүр болған қысылтаяң уақытта банктер өз клиенттеріне көмек қолын созуға тиіс екенін айтады. Оның пайымдауынша, бұл қадамға Ұлттық банк пен Үкімет мұрындық болып отыр.
̶ Несиелердің уақытын ұзарту, пайыздық мөлшерлемені төмендету екінші деңгейлі банктерге де оңайға түспейтіні анық. Күні кеше Мемлекет басшысы шағын және орта кәсіпкерлерге банктер тарапынан берілетін несиенің пайызын төмендету мәселесін де назарға алды. Бұл ретте біздегі Halyk Bank, «ЦентрКредит», Jýsan сияқты ірі банктер Президент айтқан несиелердің уақытын ұзартуға, пайызын төмендетуге еш қиындықсыз бара алады. Себебі олардың бір жылдық табысы өзгелермен салыстырғанда айтарлықтай жоғары. Бұл банктер тарапынан резервтен түскен қаражатқа орта кәсіпкерлікке берілетін несиенің пайызын төмендетуіне толық мүмкіндік бар. Бірақ мұндай «жомарттықты» барлық банктер бірдей жасай алмайды. Себебі бұл банктер коммерциялық ұйым болғандықтан жұмысшыларына төленетін жалақысы бар, оған қоса, банк өзінің айналма капиталын сақтауға мүдделі, – дейді экономист. Сонымен қатар банк саласындағы ахуалдың күрделенуіне Ұлттық банктің қайта қаржыландыру мөлшерлемесін 12 пайызға көтергені тікелей ықпал етіп отыр. Бұл дегеніміз кәсіпорындар мен халықтың 17 трлн теңге депозиттегі ақшасына банктердің пайызы көтерілді деген сөз. Бұл сонымен қатар, банктердің де қаражаты артқанын білдіреді. С.Жобаевтың айтуынша, депозиттерге берілетін үстеме пайыз артқандықтан несиенің де мөлшерлемесі 14-15 пайыздан 17-18 пайызға дейін жоғарылауы заңдылық. Өйткені банктер, шыққан шығын ақшаларын несие пайызы арқылы жабуды көздейді.
Ал берілген несиелерді үстеме пайызсыз қайтаратындай жағдай жасау мүлде мүмкін емес. Себебін экономист былай түсіндіреді:
̶ Банк тарапынан 1 млн теңге несие беріліп, оны белгілі бір уақыт ішінде үстеме пайызсыз қайтаратын болса, аталған мерзім аралығындағы инфляциялық жоғалтуға алып келеді. Бірақ мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылған ипотекалық банктер мен қорларда берілген несиелердің пайызын 3-4 айға есептемеуге мүмкіндіктері бар, оған әлеуеті жетеді, – дейді С.Жобаев.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев екінші деңгейлі банктердің қазіргі жағдайға түсіністік танытуын қадап айтқанымен, нарық заңы бойынша бұл банктерге қандай да бір нақты бұйрық беру мүмкін емес. GSB UIB бизнесті талдау орталығының сарапшысы, экономист Мақсат Халықтың сөзінше, ендігі «жүктің ауыр бөлігі» банктердің өздеріне түсейін деп тұр.
– Әлемде орын алған 2007-2009 жылдардағы қаржы дағдарысынан кейін жаһандағы ірі банктердің өзі дағдарыстан толықтай сауығып кетті деп айтуға келмейді. Сол кезеңде Ұлттық қордан 4 млрд доллар құрдымға кеткелі тұрған екінші деңгейлі банктерді құтқаруға берілген болатын. Мемлекет бірнеше банктің акцияларын сатып алып, ол банктер тіптен мемлекеттің меншігіне өтіп кеткен еді. Кейін «құтқарылған» банктердің барлығы банкрот болды. Қазір «кезінде соншама қаражатты осы банктер үшін жұмсау қаншалықты қажет болды?» деген белі бүкір сұрақ туындайды. Өйткені Ұлтық қордың құтқару үшін бөлінген қаражатынан кейін көп ұзамай 1-2 жылда банктер банкротқа ұшырады. Ақыры құрдымға кететіні бар, неге бірден сол кезде банкрот болуына көндікпедік деп өкінеміз. Қаншама қаражат далаға кеткенін кейін түсініп отырмыз, – дейді сарапшы. Осы ретте, қазіргі қысылтаяң шақта банктер қаншалықты халыққа көмектесуге дайын деген сұрақ туындайды. М.Халықтың айтуынша, банктер белгілі бір дәрежеде несие бойынша төлемдерді шегеруге мүдделі екендерін жақсы түсініп отыр. Ескеретіні, Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтеріп, соған сай депозиттердің де пайызы көтерілді. Бұл депозиттердің иесі – банктердің салымшылары екені түсінікті. Енді олар салымшылар алдындағы міндеттерін орындай ала ма? Депозиттердің ең төменгісі 12 пайыздан басталады. Мұндай талаптарды орындау банктер үшін қиындық туғызбай ма? Ертең банктер салымшылар алдындағы міндеттерін орындай алмайтынын айтып, мемлекеттен көмек сұрайтындай халге жетпей ме? GSB UIB бизнесті талдау орталығының сарапшысы қазіргі қаржылық келеңсіздіктерге байланысты мұндай жағдайдың орын алуы әбден мүмкін екенін ескертеді.
Салық салмақ салмайды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлер салықтық жүктемені азайтуға қатысты қосымша қолдауға мұқтаж екенін айтып, бұл бағытта да кешенді шаралар қолға алынатынын жеткізді. Экономист С.Жобаевтың айтуынша, еліміздегі шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысатындар жұмыс істесе де, істемесе де мемлекетке төлеуі тиіс салықтары бар. Мысалы, мүлік салығы, жұмысшыларға төленетін жеке адамдардың табыс салығы, қосымша құн салығы сынды 11 салық түрі міндеттелген. Осының барлығы төленуі тиіс.
– Кеше ғана Мемлекет басшысы әлеуметтік салықтан босату туралы шешімін жариялады. Бұл қадам жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлер үшін айтарлықтай жеңілдік болмақ. Ал қалған салықтарға жұмыс істелмеген уақытта төленбегенімен кейін төлеуге мүмкіндік беріліп отыр. Бұл қадам карантин кезіндегі мемлекеттің экономиканы, халықтың әл-ауқатын қолдауға бағытталған басымдықтар болып отыр, – дейді ол.
Президенттің салыққа қатысты шешімі дәл уақытында қабылданған қадам екенін М.Халық та атап өтті. Бұған дейін несие демалысына байланысты шаралар қабылданса, енді көмек ретінде салыққа қатысты нақты шешім шығарылғанын, әсіресе, бұл қадам бизнес үшін аса тиімді болып отырғанын айтады сарапшы.
– Соның ішінде еңбекақы қорына түсетін ауыртпалықты жеңілдетіп, салықтан босату аса қажет шешім екенін көріп отырмыз. Атап айтқанда, әрбір азамат табысынан бөліп төлеп отырған 10 пайыздық жеке табыс салығы, әлеуметтік салық пен әлеуметтік төлемдер, яғни медициналық сақтандыру қорына төленетін төлемдердің барлығынан мемлекет қазан айына дейін босатып отыр. Бұған қоса, 20 пайыздық корпоративті табыс салығы және 12 пайыздық қосылған құн салығынан да 3 ай көлемінде төлеу міндеттелмейді. Бұл пайыздар түптеп келгенде айтарлықтай салмақ түсіретінін есептеп көруге болады. Бұл орта және шағын кәсіпкерлер үшін жақсы көмек деп айтар едім, – деді экономист.
Президенттің күні кеше жарияланған мәлімдемесінде экономиканың ең көп зардап шеккен секторларындағы шағын және орта бизнес өкілдері 6 айға (биылғы 1 сәуірден 1 қазанға дейін) еңбекақы төлеу қорынан ұсталатын салықтан және басқа да төлемдерден босатылатынын айтты. Бұл тізімге қоғамдық тамақтану, сауда, көлік қызметі, консультациялық қызмет, ІТ, қонақүй, туризм және басқа да салалар кіреді. Елдегі тұтастай кіріс көзі тоқтаған бұл салалардың жағдайы расында мәз емес. Бір жағынан кәсіпкерлер зардап шексе, екінші жағынан жұмысшылар, яғни қарапайым халық жалақысынан қағылып отыр. Наурыз айының 23-і мен 27-сі арасында яғни 5 күнде жүргізілген сауалдама нәтижесі бойынша, туризм саласында жұмыс істегендердің 80%-ы, өнер және ойын-сауық орталықтарының 76,8%-ы, қоғамдық тамақтану 72,5%-ы еңбекақысыз, жалақысыз демалысқа жіберілген. Осы ретте табысынан айырылған азаматтарға ең төменгі жалақы мөлшерінде қолдау көрсетілетіні туралы шешім қабылданып отыр. Ендігі мемлекет өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай экономиканың маңызды секторы – шағын және орта кәсіпкерлікті де, қарапайым халықты да тығырықтан алып шығу жолын қарастыруда.