• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Экономика 02 Сәуір, 2020

Сыр диқандары соя өсіруге ден қойды

180 рет
көрсетілді

Биыл облыста 183,1 мың гектарға егіс егу межеленіп отыр. Көктем ерте шығатын оңтүстік аудандар қазірдің өзінде кейбір дақылдарды себуге кірісіп кетті. Ал өңірдің бренді күріш сәуірдің соңғы онкүндігінде егіле бастайды. Аймақта күріш егудің оңтайлы мерзімін Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институты жасап шықты.

Осы жылы жергілікті диқандар 88,2 мың гектар алқапқа күріш сеппек. Сондай-ақ 97,8 мың гектар дәнді, 6 гектар майлы, 61,6 мың малазықтық, 17,7 мың гектар картоп, көкөніс-бақша егеді.

Егіске қажетті тұқым дайындау мәсе­­ле­сі толық шешімін тапқан. Қолда 22948 тонна жоғары репродукциялы күріш тұқымы бар, бұл көлем қажетті мөлшерден асып түседі. Оған қоса 683 тонна жаздық бидай, 94 тонна арпа, 17,6 тонна сұлы, 32,7 тонна жүгері, 10,1 тонна тары, 274,4 тонна жоңышқа, 95, 2 тонна мақсары және 37,7 тонна соя тұқымы қамбада тұр.

– Былтыр Қаратау бөктеріне аквагель арқылы жаздық бидай мен мақсары ектік. «Пазылбек» шаруа қожалығы аумағына 80 гектар күздік бидай себілді. Қазір сол бидайдың шығымы жақсы. Ал биыл мамандардың зерттеуінше, облыс аумағында су тапшы болады. Был­тыр­ғымен салыстырғанда бізге 1 млн текшеметр су аз түсуі мүмкін. Осы­ған байланысты әртараптандыруға көңіл бө­ліп, топырақтағы тұзды азайтып, мал азығына жарайтын дақылдарды еккен жөн, – дейді Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш ҒЗИ директоры Бақытжан Дүйсембеков.

Облыста өткен жылы шаруа қожа­лықт­ары мен ҒЗИ мамандары тәжірибе ретінде 40 гектарға соя егіпті. Бастама өзінің тиімділігін көрсетті. Осы жылы көрші мемлекеттерден сұраныс мол болатын дақыл көлемін 290 гектарға жеткізу жоспарланып отыр.

– Мамандар біздің өңірде кездес­пейтін қант құмайын да өнді­ріс­тік сынақтан өткізген болатын. Суармалы жердің тұздылығын төмен­де­тіп, құ­нар­лы маз азығы саналатын осы да­қыл көлемін биыл 200 гектарға арттыра­мыз деген жоспар бар. Келешекте 3 мың гектарға жеткізу ойластырылуда, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сейілбек Нұрымбетов.

Сортаң жердің құнарын арттыратын қант құмайы 1 гектар алқаптан 5-6 тонна тұзды бойына тартып алады. Әрі құнарлы мал азығы болып есептеледі. Сонымен қатар осы жылы облыста алма, жүзім алқаптарының да көлемі артады.

 

Қызылорда