• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 02 Сәуір, 2020

Мәйітті туыстарына беруге болмайды

257 рет
көрсетілді

Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында еліміздің Бас санитарлық дәрігері коронавирустық инфекцияның ағымдағы жағдайы туралы баяндап берді.

Мемлекеттік бас санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетова әлемде коронавирус індетінің жағдайы әлі де тұрақты емес екенін айтады.

«Вирус жұқтырғандардың саны артып келеді, бүгінде әлемде індетке шалдыққан 854 663 адам болса, оның ішінде 42 046 адам қайтыс болды. Елі­мізде 369 науқас тіркелді. Қазақ­стан Республикасының тұр­ғын­дары арасында тара­луын болдырмау мақсатында мен бү­гін «Қазақстан Республикасы тұр­ғын­дарының қауіпсіздігін қамта­масыз ету шаралары ту­ралы» қаулы шығардым, соған сәй­­кес инфекцияның таралуы­ның қазіргі сипатын ескере оты­рып, біз елімізге келген адам­дарды бақылауды жалғасты­рамыз. Тұтастай алғанда негізгі екпін аурудың алдын алуға ба­ғыт­талған. Бүгіннен бастап шетелден келген барлық адамдар карантиндік ауруханалар­да оқшауланатын болады. Нәти­желерді алғаннан кейін оң нәти­жесі бар адамдар емдеу үшін жұқпалы аурулар ауруха­насына, ал теріс нәтижесі бар адамдар оқшаулануға үй каран­тиніне жіберіледі. Бұл ереже, әдеттегідей, авиакомпания ұш­қыш­тарына және локомотив бри­га­даларының мүшелеріне, темір­ жол көлігімен байланысты адамдарға және шетелден ке­летін жүктерді халықаралық автомо­бильмен тасымалдауды жүзеге асыратын жүргізушілерге қолда­нылады. ЕАЭО мен Өзбекстан Республикасынан темір жол және автомобиль өткізу пункттері арқылы келген адамдар үйде 14 күн бойы оқшаулануға жатады. Сыртқы істер министрлігінің келісімі бойынша Қазақстанға келген дипломаттар мен олардың отбасы мүшелерін үй карантинінен өт­кізуді, міндетті түрде тексеруді көз­дейтін норма енгізілді», деді ол.

Сонымен қатар Бас сани­тар­лық дәрігер  Қазақстанда коронавирус инфекциясынан қайтыс болғандарды жерлеу алгоритмі жарияланғанын тілге тиек етті.

«Алгоритмге сәйкес, мәйітті туыстарына беруге болмайды. Жақын туыстарына ғана 3 метр қа­шықтықта қоштасуға 30 минут уақыт беріледі. Жерлеу рә­сіміне бір ғана діни қызмет­кер қатысады. Жерлеу рәсімі сани­тарлық-эпидемиялық қызмет жұмысшыларының бақылауымен және жергілікті атқарушы ор­ган­ның қатысуымен өтеді және эпидемияға қарсы бар­лық шаралар қатаң сақталады. Біз­­дің әрқайсымыз өз денсау­лы­ғымызға, жақын адамдары­мыз­дың денсаулығына және жалпы қоғамға жауаптымыз. Сон­дықтан сақтық шараларын қатаң ұс­тануға шақырамын», деді А.Ес­мағамбетова.