Биылғы жылдың наурыз айында Шалқар қаласында екі кезеңнен тұратын инвестициялық жоба толық көлемінде жүзеге асты. Сөйтіп мұнда «Минеральные воды Казахстана» ЖШС «Шалқар Premium-2» минералды су құю зауыты ашылып пайдалануға берілді. Оның өндірістік қуаты мен әлеуеті және өнімдер шығару мүмкіндігі мол деуге толық негіз бар. Атап айтқанда жаңа зауыттың конвейрінен айына сыйымдылығы 1,5 литрлік шалқар емдік асханалық суының 2,4 млн және 0,25-0,5 литрлік 1,5 млн боклашкасын шығару көзделген.
Бұл ретте қайта құрудың екі кезеңін артқа тастаған Шалқар минералды су зауыты инвестициялық қаражат көзі есебінен бой көтергенін айтқан жөн. Яғни оған жұмсалған инвестициялық сома көлемі 580 миллион теңгені құрайды. Ал ел игілігі мен тұрғындардың таза табиғи өнім тұтынуы тұрғысынан келгенде оның пайдасына еш қандай баға жетпейді десе де болады. Сыңғырлаған өндірістік-тұтыну кәсіпорнына тоқсан адамды жұмысқа тарту белгіленген. Осы арқылы жергілікті қарапайым тұрғындар өз отбастарына табыс түсіріп, әлеуметтік тұрмыстық жағдайларын жақсарта алатыны анық.
- Коронавирус індеті кесірін тигізбегенде жаңадан құрылған Шалқар минералды су зауыты өз қызметін бастап кеткен болар еді. Амал қанша осыған байланысты әзірге кәсіпорын кідіріп тұр. Дегенмен бұл уақытша құбылыс деп санаймыз. Қауіпті дертті де жеңіп шығармыз. Сол кезде жаңа зауыт өз тұтынушыларына есігін айқара ашатынына сенім мол, - дейді өңірде баламасы жоқ нысанның тұрғызылуына қаржылай қолдау көрсеткен белді де белгілі кәсіпкер, Ақтөбе облыстық маслихатының депутаты Бердібек Шәкірбекұлы.
Лайымда солай болғай.
Ақтөбе облысы
Шалқар ауданы