Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова республикалық «24 КЗ» телеарнасы эфирінен өңірде коронавирустық инфекцияның таралуын болдырмау бағытында атқарылып жатқан шаралар жайлы баяндады.
- Дәл қазір облыста індетке шалдыққандар қатары 26-ға жетіп отыр. Олардың алтауы Қызылорда қаласынан, 16-сы Жаңақорған ауданынан және Қармақшы мен Шиелі аудандарының әрқайсысында екі адамнан анықталып отыр. Індет одан әрі өршіп кетпеуі үшін Қызылорда қаласы мен Жаңақорған ауданы карантинге жабылды, – деді облыс әкімі.
Қызылорда қаласына кіреберіс жолдарға 4 тосқауыл бекеті қойылды. Жаңақорған кентінде де осындай бекеттер жұмыс істейді.
Кеселдің алдын алу және жою шаралары үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасына 104 млн теңге бөлінді. Осы бағыттағы шараларға төтенше жағдай қорынан тағы 672 млн теңге қаралып отыр.
Гүлшара Наушақызы тікелей эфирде тұрғындармен кері байланыстың да жолға қойылғанын атап өтті.