• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 02 Сәуір, 2020

Мұнайдың орташа бағасы 20 доллар межесінде бекітілді

152 рет
көрсетілді

Жыл басынан бері мұнай бағасы 65,7%-ға, металдар орта есеппен 15,6%-ға, әлемдік биржалық индекстер орта есеппен 20,9%-ға төмендеді. Биылғы 1-ші сәуірдегі жағдай бойынша мұнай бағасы бір барреліне 22 долларға дейін төмендеді. Бұл туралы бүгін Үкімет үйінде өткен жиында Ұлттық экономика министрі Р.Дәленов айтты. 

Осы жағдайды ескере отырып, алдағы сәуір-желтоқсан айларында мұнайдың орташа бағасы бір барреліне 20 доллар деңгейінде белгіленіп отыр. Доллардың есептік бағамы 440 теңге деңгейінде және жылдық инфляция 9-11% аралығында есепке алынған.

Бағаның төмендеуі аясында мұнай өндіру бойынша болжам 4 млн-ға 86 млн тоннаға дейін азайтылды. Бұл тау-кен өнеркәсібі өндірісінің төмендеуіне әкеледі. Сонымен қатар өңдеу өнеркәсібінде, ауыл шаруашылығында, құрылыста және көрсетілетін қызметтер секторында, оның ішінде саудада бұған дейін мақұлданған өсу қарқындарымен салыстырғанда төмендеу күтілуде.

Сонымен қатар экспорт 16,3 млрд долларға, импорт 7,5 млрд долларға төмендеген. Жоғарыда аталған факторларды ескере отырып, жалпы ішкі өнімнің 0,9%-ға төмендеуі күтілуде.

Соған сай түзетілген макроэкономикалық болжамның негізінде 2020 жылға арналған республикалық бюджет параметрлерінің болжамы нақтыланды.

Республикалық бюджеттің кірістері трансферттерді есепке алмағанда 2020 жылы 6 414,1 млрд теңге көлемінде бағалануда, бұл бекітілген жоспарға қарағанда 1 672,3 млрд теңгеге аз.

Бұған қоса, елдегі карантин жағдайында қосылған құн салығы, шикі мұнайға экспорттық кеден бажы және табиғи ресурстарды пайдаланғаны үшін түсетін түсімдер кемігендіктен ел қазынасына түсетін қаражат айтарлықтай азаюы мүмкін. Р.Дәленов бюджет кірістерінің күтілетін тапшылығын жабу және дағдарысқа қарсы шаралар кешенін қаржыландыру үшін 2020 жылы Ұлттық қордан кепілдендірілген трансфертті 2 070 млрд теңгеге, яғни  4 770 млрд теңгеге дейін ұлғайтуды ұсынды.