Конституция – егемен еліміздің мемлекеттілігін, тәуелсіздігін, демократиялық құндылықтарын айғақтайтын бірден-бір құжат.
Қазақстан Республикасының Конституциялық дамуының екінші кезеңі 1995 жылы қабылданған, биыл қабылданғанына 18 жыл толған Конституция әлемдік стандартқа сәйкес келетін саяси, экономикалық және әлеуметтік мәнге ие.
Конституция – егемен еліміздің мемлекеттілігін, тәуелсіздігін, демократиялық құндылықтарын айғақтайтын бірден-бір құжат.
Қазақстан Республикасының Конституциялық дамуының екінші кезеңі 1995 жылы қабылданған, биыл қабылданғанына 18 жыл толған Конституция әлемдік стандартқа сәйкес келетін саяси, экономикалық және әлеуметтік мәнге ие.
Өткен 18 жыл ішінде қоғам мен биліктің тұрақтылығын қамтамасыз етуде Конституциялық принцип және оның нормасы еліміздің тәуелсіздігін, экономикалық реформасын нығайтудың басты құралына айналды. Елімізде заңдылық пен конституциялық тәртіптің салтанат құруы негізгі бағыт саналады. Заңдылықты бұлжытпай орындау немесе сақтай білу жауапкершілігі – Қазақстанның тұрақты дамуына жағдай жасай отырып, мемлекетіміздің өзекті деген бағыт-бағдарындағы барлық құқықтық қызметтің өркен жаюына жол ашып берді. Ал әрбір азамат өзін мемлекет міндетті түрде қорғай алатынын нық сезінді, конституциялық заңдылық азаматтар мен адамдардың құқығына және бостандығына нақты кепілдік беретініне кәміл сенді.
Қазақстанның демократиялық, зайырлы және құқықтық мемлекет ретінде орнығуы Конституцияда қаралған президенттік басқару жүйесінің әсеріне тікелей байланысты. Қазіргі таңда нақ осы басқару – мемлекетіміздің тәуелсіздігін қамтамасыз етіп, экономикалық және саяси реформаны жүргізуге, елдегі ішкі саяси тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік беріп отыр.
Ата Заңымыз бойынша Президент – елді жаңғыртудың бастамашысы және іске асырушысы, Конституцияның сенімді кепілі. Осы орайда өткен күндерге көз жіберсек, ел егемендігін алғаннан берідегі уақыт ішінде Елбасының басшылығымен Конституциялық және құқықтық жүйені эволюциялық тұрғыда сатылап реформалау нәтижесінде мемлекеттік биліктің теңгерімді де тиімді жүйесі қалыптастырылды.
Конституцияның 3-бабында: “Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық, халық билікті тікелей республикалық референдум және еркін сайлау арқылы жүзеге асыратындығы, сондай-ақ өз билігін жүзеге асыруды мемлекеттік органдарға беретіндігі, Қазақстан Республикасында билікті ешкім де иемденіп кете алмайтындығы, билікті иемденіп кетушілік заң бойынша қудаланатындығы, халық пен мемлекет атынан билік жүргізуге республика Президентінің, сондай-ақ Парламенттің де құқығы бар екендігі, республика Үкіметі өзіне берілген өкілеттіктер шегінде ғана мемлекет атынан билік жүргізетіндігі” атап көрсетілген.
Бұл орайда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасын бекітуін және осы бастаманың нәтижесінде биыл мәслихат арқылы ауыл әкімдерінің сайлауының сәтті өтуін елімізде Ата Заң талабының мүлтіксіз орындалуының және Қазақстанның демократиялық үрдіске адалдығының нақты дәлелі ретінде атап өтуге болады.
Ауылдық округ әкімдерінің сайлануы қоғамды одан әрі демократияландырудың маңызды кезеңі болып табылады және жергілікті жерлерде басқарудың тиімділігі мен айқындығын арттыруға мүмкіндік береді. Барлық жердегі ауылдық округ әкімдерінің сайлауы – республикада демократиялық өзгертулер өткізудің жаңа кезеңі. Жергілікті әкімдердің сайлануы – бұл мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігі мен халық алдында атқарушы билік органдары жауапкершілігін арттыру, саяси жүйесін одан әрі демократияландыру мен азаматтық қоғам дамуын жетілдіру. Ауылдар әкімдерінің балама сайлауы саяси жүйедегі реформалардың жүзеге асуына жәрдемдеседі, оның мақсаты халықты мемлекет басқаруына, қазақстандық қоғамның жетілдірілуіне қатысуға кеңірек тарту.
Конституция бойынша еліміздің басқару билігінің үш түрі – заң шығарушы, атқарушы және сот билігінің құзыреттері нақтыланған. Биліктің заң шығарушы тармағы – Парламент, атқарушы тармағы – Үкімет, сот билі гін тек қана сот жүзеге асырады.
Ел Конституциясына сәйкес Қазақстан Республикасының қос палаталы Парламенті заң шығару қызметін жүзеге асыратын республиканың ең жоғары өкілді органы болып табылады және ол ел дамуына, азаматтардың әлеуметтік ахуалын жақсартуға қатысты жаңа заңдар қабылдайды, өзгерістер мен толықтырулар енгізеді. Конституцияда Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп бекітілсе, бұл – Ата Заңымыздың бұлжымайтын темірқазығы. Өткен 18 жыл ішінде Конституциямызға бірнеше өзгерістер мен толықтырулар енгізілсе де, ол өзінің негізгі қағидаларын жоғалтқан жоқ. Негізгі Заң еліміздің демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнығуына мол ықпалын тигізді.
Еліміздің Ата Заңында азаматтардың шығу тегіне, әлеуметтік жағдайына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дініне, көзқарасына қарамастан адам және азамат құқықтарының теңдігіне кепілдік берілген.
Бұл тұрғыда елімізді мекен еткен барлық этностарды азаматтық және рухани-мәдени тұтастық негізінде топтастыруға, қазақстандық жарасымдылықты, патриотизмді қалыптастыруға негізделген қазақстандық бағыт оларды ортақ мүддеге ұйыстырып, бұл ұстаным бүкіл әлем мойындаған және үлгі санайтын үрдіске айналды.
Еліміздің Ата Заңында экономикадағы тұрақтылықты, халықтың әлеуметтік жағдайын жасауды басты назарға алу да көзделген.
Өткен 18 жыл ішінде қоғам мен биліктің тұрақтылығын қамтамасыз етуде Конституциялық принцип және оның нормасы еліміздің тәуелсіздігін, экономикалық реформасын нығайтудың басты құралына айналды.
Әділет, құқық қорғау органдары азаматтың Ата Заңмен берілген құқықтары мен бостандықтарын қорғай отырып, олардың заман талабына сай еңбек етіп, білім алуына және өздерінің барлық конституциялық құқықтарын толыққанды пайдалануына өздеріне жүктелген құзырет шеңберінде жағдай туғызып келеді.
Ата Заңымыз бүгінде ел дамуы мен бірлігінің, азаматтар құқықтарының мүлтіксіз сақталуының кепілі болып отыр.
Демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекетке айналуды өзіне басты міндет етіп алған еліміздің бұл күндері қол жеткізіп отырған қыруар табыстары да осы Конституцияның және кемел ой, қайсар рух, мұқалмас күш-жігермен еліміз үшін атқарып жүрген әр азаматтың ұлан-ғайыр еңбегінің арқасы.
Тыныштық, Тұрақтылық, Ынтымақ атты ұлы құндылықтарға негізделген Ата Заңымыз ел бірлігін қамтамасыз етіп, елге ырыс, жақсы тұрмыс әкеліп отыр. Бүгінгі еліміз қол жеткізген барлық жетістіктеріміз бен жеңістеріміз де осы Конституцияның жемісі.