Қостанайда Александр Сметановский есімді офицер тұрады. Тобыл-Торғай жұртына кеңінен таныс. Мемлекеттік тілді жетік меңгерген. Ішкі істер органдарында 28 жыл бойы еңбек етіп келе жатыр. Бүгінде ІІМ Қостанай Академиясының Тактикалық арнайы даярлық кафедрасының бастығы, полиция полковнигі.
Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын Александр Юрьевичтің еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ол Ішкі істер министрлігінің І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медальдарын омырауына қадап, Құрмет грамотасымен және басқа да сыйлықтармен марапатталған.
Александрдың балалық шағы қаймағы бұзылмаған Торғай өңірінде өтті. Содан да шығар, қазақ тіліне жетік болып өсті. Мақалдатып, мәтелдетіп сөйлегенде, көпшілік еріксіз таңғалатын. Әңгіменің майын тамызады. Қазақтың қара домбырасын қолға алып, әулете ән шырқағанда, тыңдаған жанды сүйсінтпей қоймайды.
Сашаның қазақ тілін терең меңгеруіне педагог анасы Лидия Михайловнаның көп ықпалы болыпты. Өзі де қазақ тілінде емін-еркін сөйлейтін. 1956 жылы Орал қаласындағы педагогикалық институтты бітіріп, жолдамамен Торғай өңіріне келген жас маманды әуелі Жанкелдин ауданы Албарбөгет кеңшарындағы Тәуіш елді мекеніндегі мектепке жібереді. Ол сондағы мектепке жұмысқа орналасып, қазақ балаларына орыс тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс оқиды. Ал отағасы – бұрынғы әскери офицер Юрий Сметановский осы білім ұясында шәкірттерге алғашқы әскери дайындықтан сабақ береді.
Осылайша, тумысынан жайдары мінезді жандар Торғай жұртшылығымен етене араласып, жергілікті халыққа сіңісіп кетеді. Бұдан кейін ерлі-зайыптылар Жанкелдин ауданының орталығы – Торғай селосына көшеді. Юрий мен Лидия Сметановскийлер бұл жерді де жатсынбай, тұрғындарымен тонның ішкі бауындай араласып кетеді. Мұнда да отағасы Торғай орыс мектебінде (бүгінгі Иванов атындағы орта мектеп) өз мамандығы бойынша сабақ өткізсе, Лидия Михайловна да бұрынғы қызметін жалғастырады. Күндердің күнінде Сметановскийлер шаңырағында Виктория есімді қыз бала мен Александр атты шекесі торсықтай ұл дүниеге келіп, жас отбасының қуанышын көкке көтереді…
Алайда, адамның дегені бола берген бе, айтып келмейтін сұм ажал әкесі Юрийді алмай қоймайды. Бұл 1984 жыл болатын. Енді екі баласын ел қатарынан қалдырмау Лидия Михайловнаның мойнында еді. Өмірінде түрлі қиындықтар кездессе де, сыр бермеуге тырысатын. Сондықтан да шығар, қызы Виктория мен ұлы Александр кішкентайларынан ата-аналары секілді еңбекқор, ізденімпаз әрі табанды болып ер жетті.
Отағасы қайтыс болғаннан кейін, бұлар Торғайда көп тұрақтап қала алмады. Бұрынғы Торғай облысының орталығы – Арқалық қаласына көшіп кетеді. Лидия Михайловна осы қалаға іргелес жатқан Арқалық аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі болып қызметке орналасады. Осы жауапты қызметтен құрметті демалысқа шығады. Оның ұзақ жылғы сіңірген еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Тиісті орындар білікті ұстаздың жұмысын жоғары бағалады. Ол «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мұғалімі» атағына ие болады. Сонымен қатар тыл ардагері атанады.
Қазақтар арасында өсіп, жан дүниесі де қазақ болып кеткен Александр жастайынан қос иығына погон тағып, әскери маман болуды армандайтын. Бұған, әрине, әкесі Юрийдің темірдей тәртіпті ұнататын офицер болуы өз әсерін тигізбей қоймағаны анық.
Осылайша, «Әке көріп, оқ жонған» Алксандр алдымен Қарағандыдағы педагогикалық институттың әскери-спорттық факультетіне оқуға қабылданып, оны ойдағыдай бітіріп шығады. Бұдан соң осы қаладағы Жоғары милиция мектебінде сырттай оқып, оны да жақсы нәтижемен аяқтайды.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылы - 1992 жылы Александр еңбек жолын Арқалық қалалық Ішкі істер бөлімінен бастайды. Алдымен жедел уәкіл, кейін аға жедел уәкіл болып қызмет етеді. ІІБ Қылмысты іздестіру бөлімшесі бастығының орынбасары лауазымына жоғарылайды. Бұдан соң осы бөлімшенің бастығы болып тағайындалады. Өз қызметіне тиянақты әрі зор жауапкершілікпен қарайтын жігерлі жігіттің талпынысы басшылар тарапынан да қолдау табады. Сол себепті де Александр офицер деген атақты әрқашанда жоғары ұстап, соған сай болуға ұмтылды. Ол көп ұзамай Қостанай Заң институты Жедел іздестіру қызметі кафедрасында оқытушы болып он жылдан артық қызмет істейді. Кейін Әділет министрлігі ҚАЖК Қостанай Академиясының Әскери және дағдарысқа қарсы дайындық кафедрасының бастығы, Жедел іздестіру және режим қызметі кафедрасының профессоры болған ол бүгінде Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай Академиясының Тактикалық арнайы даярлық кафедрасының бастығы лауазымында. Мұнда да абырой мен беделден кенде болған жоқ. Құқық қоғау органдарында атқарған көп жылғы қызметі еленіп, Ішкі істер министрлігінің «Үздік қызметі үшін» белгісі, Әділет министрлігі Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің ІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалін иеленген.
Александр Юрьевич үшін кіндік қаны тамған жері – Торғай селосының жөні қашанда бөлек. Аудан орталығындағы Иванов атындағы орыс мектебінде оқып, бітірсе де, ес білгеннен жергілікті қазақтың қарадомалақ балаларымен кәдімгідей асыр салып ойнап, ержетті. Солармен араласа жүріп, қазақтың тілін бір кісідей меңгеріп алды. Ол қазір сол Торғай өңірінде өскен Ыбырай Әмірханов, Еренбол және Талғат Алматовтар, Айбек Қапақов, Ақынбек Арыстанов сынды бала күнгі достарымен жиі-жиі бас қосып, қайта оралмас шақтарын үнемі еске алып отырады. Тай-құлындай тебісіп өскен осы достары ғой, Александр Сметановскийді еркелетіп, лақап ат қойып алған (Ол туралы әңгіме соңында айтамыз). Бірақ оған кейіпкеріміз шамданбайды, тек жымияды да қояды.
Бүгінде Александр отбасында Әсел және Сабина атты қыздарды тәрбиелеп, мәпелеп өсірді. ІІМ Қостанай Академиясының түлегі Әсел әкесінің жолын қуып Қостанай қалалық Ішкі істер басқармасында жауапты қызмет атқарады. Ал Сәбина Екатеринбургте орналасқан Ресейдің тұңғыш Президенті Б. Елцин атындағы Федералды университетінің Халықаралық қатынастар мамандығы бойынша 3-курста оқиды.
Жергілікті халықтың салт-дәстүрін берік ұстанатын отбасы тұңғыш қыздарын қазақтың жөн-жоралғысымен ұзатыпты.
Әркез мемлекеттік тілдің жанашыры болып жүретін Александр Сметановкский өңірде өткізілетін түрлі тіл сайыстарына қатысып тұрады. Бірде ІІМ Қылмыстық атқару жүйесі комитетінде өткізілген мемлекеттік тілге арналған республикалық сайыста таза қазақша сөз сөйлеп, жиналған жұртты таңғалдырған болатын. Осы сайыста ол жиырмаға жуық мақал-мәтелді орыс тіліндегі аудармасымен айту, белгілі ақындардың өлеңдерін мәнерлеп оқу, күнделікті қызметте пайдаланатын құжаттарды орысшадан қазақшаға аудару, өз өнерін көрсету секілді сайыс тапсырмаларынан сүрінбей өтіп, өзгелерден оқ бойы озық шыққан еді. Сөйтіп, бас жүлдені қанжығасына байлаған болатын.
Болашақ офицерлерді Отанын, елін сүюге баулып, оларға мемлекеттік тілді үйретуге өз үлесін қосып жүрген Александр Юрьевич:
«Қазақ тілі – өте бай тіл. Тіліміз сөздік, грамматикалық құрылысы жағынан болсын дамыған, байыған, оралымды тіл. Абай Құнанбайұлы, Мұхтар Әуезов, Ілияс Жансүгіров секілді қазақ халқының алыптары тілді жоғары мәдениет сатысына көтеріп қана қоймай, асыл қазынадай құрметтеді, қастер тұтты. Сол себептен, бүгінгі таңда қазақ тілін ардақтап, әдет-ғұрпымызды сақтап, оның мәртебесін әлемге таныту – біздің мақсатымыз» дейді.
Қазақ тілін кейбір қаракөздерден де артық білетін Александр Сметановский мемлекеттік тілді игерудің арқасында қазіргі деңгейге жетіп отырғанын айтады. Өмірін күрт өзгерткен жетістіктер мен абырой оған оңайлықпен келген жоқ, әрине. Ол осы жолда тынбай ізденді.
«Мектеп бағдарламаларын былай қойғанда, өз бетімше жалықпай еңбектендім. Түрлі газет-журналдардың әрбір санын жібермей оқитынмын. Қазір де солай. Ондағы күрделі сөз тіркестері, теңеулер мен образды сөйлемдер жадымда жақсы сақталып қалуы үшін оңашада дауыстап оқимын, – деп жымиды. – Сонымен қатар қазақтың ұлы жазушылары Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» мен Сәбит Мұқановтың «Мөлдір махаббатын» қазақ тілінде тапжылмай оқып шықтым. Осы көркем шығармаларды талдап, ондағы әрбір сөзге ерекше ден қойдым. Соның нәтижесінде өзіме бұрын беймәлім тың сөйлемдерге қанықтым. Қазақтың шұрайлы да нәрлі көркем тілінен сусындадым. Осы шығармаларды оқу арқылы қазақтың ежелден келе жатқан әдет-ғұрпына, салт-дәстүріне терең бойладым. Бұл дүниелерді кез келген зерделі де зиялы жан оқып, танысып шықса, артық болмайды».
Сөз орайы келгенде айта кетейік, Александр Сметановский Павлодар қаласында өткен өзге ұлт арасындағы аймақтық «Қазақ тіліне жеке үлесім» деп аталатын байқауға қатысып, жүлделі 1-орынды жеңіп алады. Сондай-ақ елордада өткен осы байқауда бас жүлдені иеленеді. Бұл жарыста ол сайыстың барлық талабы бойынша алдына жан салған жоқ. Ондағы өзін таныстыру, мақал-мәтелдерді білу, белгілі бір тақырып бойынша күнделікті қызметте пайдаланатын құжаттарды орысшадан қазақшаға аудару, өнер көрсету сынды шарттардың бәрінен де мүдірмей өтті. Сөйтіп, оның есімі өз саласы қызметкерлер арасында кеңінен танылды.
«Туған Торғайымның қазіргі жағдайы мені де қатты алаңдатады, - деп күрсіңді полиция полковнигі. - Кіндік қаны тамған жерден жырақта жүрген ел азаматтарының бәрі де дәл мендей толғанып, аңсайтын шығар... Бұла көңілім ақ селеулі далаға тартады да тұрады...».
Осылай деп сәл үнсіз тұрды да, сірә, жабырқай қалған көңілін бір сәтке болса да көтермекке ұмтылды, білем: «Айтпақшы, ұмытып кетпейік, жоғарыда сөз болған лақап аты-жөнім туралы айтайық: Достарымның арасында кейде қалжыңдап: «Александр Сметановский емес, Ескендір Қаймақбаевпын» деп айтамын!» - деп күлді.
Біз де езу тарттық. Полиция полковнигінің пайымына сүйсінгеннен.