• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 02 Сәуір, 2020

Коронавируссыз Қостанай

697 рет
көрсетілді

Қостанайда маска тақпаған адам масқара болады. Облыстың бас санитары бүгіннен бастап көшеге бетпердесіз шығуға тыйым салды. Енді маска тақпаған адам ешбір ескертусіз, бірден әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Тіпті қамауға алынуы да мүмкін. Мұны бүгінгі брифингте қала әкімінің орынбасары Андрей Финк те растап отыр.

Қазір аймақ тұрғындарының қауіпсіздігі мейлінше күшейтілді. Шекара жабық, шектеу көп. Төтенше жағдай режімінің бұзылмауын тиісті органдар күнделікті бақылауда ұстап отыр. Олардың айтуынша, соңғы екі апта ішінде өңірде 250 режім бұзушы анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Қазір облыс шекарасына тосқауыл бекеттері жұмыс істеп жатыр.  Мұнда жалпы саны 52 полицей, 17 медицина қызметкері тұр. Бүгінге дейін бұл тосқауыл бекеттерінен 1324 көлік, 577 адам өтіп, көрші  өңірлерден облыс аумағына кірмек болған 35 автокөлік кері қайтарылған. Өйткені, аймақтың бас санитары қол қойған қаулыда басқа облыс тұрғындарына Қостанайға кіруге тыйым салынған.

Облыста эпидемиялық аһуал тұрақты. Коронавирус індетін жұқтырғандар жоқ. Бұған дейін шетелден келген   2027 адам үй карантинінде, 246 адам провизорлық  госпитальда жатыр. Тауарлар және көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті берген  ресми мәлімет  - осы.

Алайда коронавируссыз Қостанайға індет шақырып, жалған ақпарат таратушылар көбейіп барады. Полиция бүгін Қостанайда коронавирус шықты деген жел сөз таратқан жетінші адамды ұстады. Мұндайларға жазаны қатайтпаса, азаятын түрі жоқ. 

Қостанай облысы