• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 02 Сәуір, 2020

Ел еңсесін көтерген мәлімдеме болды

4618 рет
көрсетілді

Әлемдегі жағдай, шындығында, халықты қатты алаңдатып отыр. Менің ойымша, бұл – биологиялық қару. Жойқын қарудың сұрқия формасы. Мінекей, сол қару құтыдан шығып кеткен немесе адамзатқа қарсы атылды деуге де болады.

Біз адамдардың қолымен жасалған ақырзаманды бастан кешіп жатырмыз. Ұлы державалар алдымен ядролық қару жасады. Бірақ оны бір-біріне тастаса өз төбесіне түсетінін білгеннен кейін оны қолдана алмай жүрген болатын. Содан кейін жаппай қырудың осы түрі – биологиялық қаруға кірісті. Мен бұл індет адамның қолымен жасалған деп ойлаймын. Биологиялық қару тарих сахнасына ойнақтап шыға келді.

Қазір індеттің күші бүкіл адамзатты шарпып, әлем халқын үйіне тықты. Алып державалар мұндай қаруды шығаруды да, оны жою жолын да біледі. Осындай жағдайда Қазақстан секілді тарих сахнасына кеше ғана шыққан мемлекеттің қосақ арасында кетіп қалу қаупі бар. Себебі індет шекара таңдамайды. Бізге де келіп, тиіп жатыр. Бұдан құтылудың жалғыз жолы – үйде отыру, адамдармен араласпау, карантин тәртібін сақтау. Әзірге вирусты жеңудің басқа жолы болмай тұр, Бәріміз білетіндей, емдейтін препарат табылған жоқ. Бірақ күрес, ізденіс жүріп жатыр. Біздің оқшаулануымыз керек. Басқа жол жоқ. Қазақстанда вирустың таралуы тоқтаса өмір өзінің үйреншікті арнасына түседі. Сөзсіз, бұл бүкіл әлемдік экономикалық дағдарысқа алып келді. Талай жыл осының салдарынан жапа шегуіміз бек мүмкін. Екі немесе үш айдан кейін не болатынын ешкім болжап білмей отыр.

Мемлекет басшысы айтқандай халық, ұлт болып ұйысып, індетпен бірге күресіп, шама келгенше халықты шығынға батырмау керектігін еске салды. Бейқамдық, алаңғасарлық, апатқа атүсті қарау – орға апарып жығатын жол деп білемін. Індетке бейқам қараған елдердің бірі Италия еді. Енді ақшасы мен азық-түлігі таусылған халықтың ол мемлекетте дүкендерге шабуыл жасай бастағанын да көріп, біліп отырмыз. Оған жеткізбеудің жолы – ауылда немесе қалада болсын, каринтин кезінде той өткізбеу, көп болып жиналмау. Сонда ғана біз бұл індеттің жолын бөгейміз. Қазір індет мына жағы Семей, мына жағы Маңғыстауға дейін жетті. Мұның себебі – бейқамдықта деп ойлаймын.

Елдің еңсесі түскен алмағайып сәтте Президенттің мәлімдемесі – жұрттың еңсесін тіктеп, үміт отын жақты. Өйткені ол жерде халықтың ең қорғалмаған, аз қамтылған бөлігінің мемлекет назарынан тыс қалмайтыны айтылды. Оның үстіне 42 500 теңгелік төлем 3 млн адамға берілетінін жеткізді. Үлкен проблема шығады. Әйтсе де, 42 500 теңгені алатын адам соңғы жылы ең болмағанда бір рет салық төлеуі керек деген шартты құптамадым. Жағдайы жоқ адамдардың бір рет салық төлемеген болуы мүмкін. Халықты бөлмей, сол төлемді мұқтаж отбасыларға түгел беру керек деп ойлаймын. Өйткені бізге ешкімнің аштан өліп, көштен қалғаны керек емес. Кешегі мәлімдеменің тағы бір тамаша тұсы – қала төңірегіндегі жастардың үйлерінде отыра бермеуі үшін «Жұмыспен қамтудың жол картасы» жасалып жатқанын айтты. Қалада қазақтың қаншамасы жастары пәтерде тұрады. Айлығынан айырылып үйде отырса, пәтерін қалай төлейді, баласын қалай асырайды? Мінекей, бұл – керекті іс. 2008-2009 жылдардағы дағдарыста да елімізді осындай шаралар құтқарып қалған.

Смағұл ЕЛУБАЙ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы