Бокс спортында қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Бекзат Саттарханов тірі болса ертең, яғни 4 сәуірде қамал алар 40 жасқа толар еді. Әттең, дүние-ай! Аққан жұлдыздай жарқ етті де, жоқ болды. Осы орайда, қазақтың батыр ұлының туған күніне орай мақала жариялап отырмыз.
Ақсұңқар құстың баласы...
Сол бір күндер есіме түссе, көңілді қуаныш кернейді. Күздің қоңыр салқын лебі біліне бастаған, қыркүйектің соңғы күндері болатын. Арқаның аптап ыстығы қайтып, терістен лобыта соққан даланың жұмақ самалы жүз шарпып, жаз бойы жасыл түске малынған жапырақтардың жиегіне сарыжағал рең жүгірген жылымық күндердің бірі-тін. Сонау дүниенің бір бұрышында, яғни қаңқылдап ұшқан сарыала қаздың қанаты талатын шексіз қиырда, жағасына жүз жыл жүзіп жете алмайтын көк мұхиттың арғы жағында, ойпатында кенгуру жүгірген жасыл құрлықта жазғы Олимпия ойындары өтіп жатқан.
Мұхиттың арғы жағынан дүркін-дүркін хабарлар легі толассыз ағылуда. 2000 жылғы қыркүйектің 27-ші жұлдызында: «Ойбай, Ольга дейтін желаяқ қыз кедергіден қарғып жарысып, алтын медаль алыпты...». Қыркүйектің 29-шы жұлдызы: «Сүйінші, қазақ, төрт бірдей боксшы финалға шықты». «Я, Құдай, ақсарбас, кімдер екен?». «Ермахан Ыбырайымов, Мұхтархан Ділдәбеков, Болат Жұмаділов, Бекзат Саттарханов».
Осындай жағымды жаңалықты естіп, қуанғандықтан болар қойын дәптеріме:
Арғымақ атқа ер салған,
Андыздап, қиқу жар салған,
Тебінгі толы тер аққан,
Соққысын қардай боратқан,
Ерекше Алла жаратқан,
Толғап тартып жұдырық,
Әлемді жалт қаратқан,
Қазақтың батыр-серісі,
Намыстың жалау жеңісі,
Төрде тұрған төрт қазақ
Ғасырдың тарлан бөрісі... – деп жазыппын.
Құдай-ау, мына жаңалыққа қуанбаған қазақтың жүрегі сірә, тас шығар. Бұл өзі төрт жылда бір өтетін ғаламдық аламан жарыс болса, оған жұмыр жердің менмін деген мықтылары қатысып жатса, әсіресе, боксқа жуан жұдырығын білеп келген сайдың тасындай жүздеген сайыпқыранның ішінен бір уыс қазақтың төрт азаматы шаршы топта томаға сыпырып, атақты Ақтамберді жырау айтқандай:
Ақсұңқар құстың баласы,
Түсер болса егеске,
Бізге де сауға демес пе... – деп, жаланып тұрса, қалай қуанбайсыз.
Айтпақшы, тарихты ақтарсақ: бұдан бұрын да осыған ұқсас оқиға орын алған. 1984 жылы бокстан Ташкент қаласында өткен КСРО чемпионатында төрт қазақ: Кәрімжан Әбдірахманов, Серік Нұрқазов, Серік Қонақбаев, Асылбек Қилымовтар финалға шығып, төртеуі де чемпион атанған. Қазіргінің тілімен айтқанда, сол жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарының жолдамасына ие болған. Бірақ социализм мен капитализмге бөлініп, сүзісіп тұрған саясат бұлардың жолын жапты.
Дегенмен орнында бар оңалады екен, арада аттай 16 жыл өткенде, қазақтың төрт баласы КСРО-ны былай тастап, әлемнің маңдай алдына шықты. Нәтижесінде, жасы жиырмаға жаңа толған бозжігіт Бекзат Саттарханов қазақ спорты тарихында бокстан тұңғыш Олимпиада чемпионы атанды.
Қарашықтардан құлаған қайғы...
Қазір жоғарыдағы оқиғаны сағына еске аламыз. Алтын тұғырға көтеріліп, тарихтың жаңа парағын ашқан бозжігітіміз бозамық таңда бозжорғасына мініп, бақиға қарай сапар шекті. Артында бозарып жұрты қалды, бұлқынып ұлты қалды, бусанып бұлты қалды, бұлдырап тұрқы қалды... Бекзат батыр дүниеден озды деген хабарды естігенде, бір ақын қарындасымыз былай деп жырлаған екен:
Түн құрсауына тұтылып кеттің,
Тұманға мәңгі жұтылып кеттің,
Кіршіксіз жанға дақ салғың келмей,
Жалғаннан ерте құтылып кеттің.
Неге өйтті екен құдірет мынау,
Жалғаннан жайнап күліп өттің-ау,
Қараңғы түнде қақ жарып ағып,
Жүрегімізді тіліп өттің-ау!
Өксіді халық, шерленді налып,
Жайдары жүзің жерге енді ме анық?!
Қарашықтардан құлаған қайғы,
Жатыр ма, қалқам, кеудеңді қарып.
Еңіреп Ертіс, егілді Есіл,
Табытқа қимай, тебіне ме Сыр,
Жаратқан Аллам, өзің қолдап,
Бекзатты пейіш төріне көшір...
Осылай тағдырдың жазуымен, Алланың әмірімен, Бекзат батыр Олимпиада шыңын бағындырып келіп, мыңжылдықтардың тоғысында, яғни 2000 жылдың соңғы күні ортамыздан озды. Бірақ бізге оның жанқияр ерлігі мұра болып қалды. Бұл ерлік әлі талай жастың ұранына айналар, талай ақынның жыр-әніне айналар, талай тарланның тұрағына айналар, талай таланттың бұлағына айналар, елім деп еміренген ұлан болса, өшпес шам-шырағына айналар... Ол күндер әлі алда!
Болаттың асыл сынығы...
Бекзат анадан батыр болып туған жоқ. Жастайынан шыңдалды, шынықты, қара терін төкті, күндіз отырмады, түнде ұйықтамады, қаймана қазағы үшін намыстың қайрағына, ұлтының байрағына айналды... Он үш жасында өзі туып-өскен Түркістан қаласында бокстың қолғабын қолына киді. Тума талант айналасы бірер жылда жабағы жүнін ерте тастаған құла тайдай құлпырып шыға келді. Қанаты ерте қатайған бала қырандай топшысын түйді. Сөйтіп, дүр сілкінді.
1995 жылы 15 жасында Кентауда өткен танымал боксшы Қанатбек Шағатаевтың жүлдесі жолындағы жарыста тұсауы кесілді. Келесі 1996 жылы жасөспірімдер арасында облыс чемпионы атанып, Қостанайда жалауын көтерген республикалық мектеп оқушылары спартакиадасында топ жарды. 1998 жылы жастар арасында ел чемпионы атанып, қарымына арыны қосылды, бала жігіт рингте бұлаң жүріспен жас жолбарыстай жосылды.
Жосылған күйі Аргентинада өткен бокстан жастар арасындағы әлем біріншілігіне барып тізгін тартты. Салмағы – 54 келі. Бұл 1998 жылы болатын. Зарына кірген Бекзат бала әуелі италиялық боксшы Мичел ди Анджелоны жеңді. Одан кейін швед жігіті Патрик Богермен қолғап түйістірді. Оған 13 дүркін дәл соққы жұмсап, 13:1 есебімен «есің барда – еліңді тап» деп рингтен түсірді. Ширек финалда Кубаның қабыланы Гильермо Ригондоны аямай сабады. Есеп 5:1.
Гильермо Ригондо құдайынан «Бекзаттан құтқар» деп тілеген болуы керек, біздің бала кешікпей 57 келіге салмақ ауысты да, 54 келіде отырып қалған кубалық осы салмақта екі дүркін (2000, 2004) Олимпиада және екі дүркін (2001, 2005) әлем чемпионы атанды. Шіркін біздің Бекзат аман болғанда мына кубалықтан кем түспес еді-ау...
Бекзат жартылай финалда неміс Хамиси Дюрстті 8:3 есебімен есеңгіретіп, шешуші шайқаста Украина боксшысы Сервин Сүлеймановтан ұтылды. Осылай әлем біріншілігінің күміс медаль қанжығалап қайтты.
Қабылан айбат шегеді...
Бекзаттың өмірдегі болмысы жайлы сырлас ағасы Ермахан Ыбырайымов, «марқұм өмірде өте қарапайым еді, үйренуден жалықпайтын, мен оның жасында ол жеткен жетістіктің маңына да барған жоқпын. Сырт сипаты сондай кішіпейіл болғанымен, ішінде ащы намыс қайнап жататын...» деп еске алыпты. Осындайда Қанайұлы Бекболат жыраудың:
Сырты бір қоңыр бағлан,
Іші бір кекті қабылан.
Қабылан айбат шегеді,
Қабанға азу жаныған – дейтін ұзақ толғауы еріксіз еске оралады.
Хош, сонымен... Бекзат 1999 жылы салмақ ауыстырып 57 келіге өтті дедік. Ересектер арасында Қазақстан чемпионатына қатысады. Бірақ онда Бақтияр Тілегеновтен ұтылады. Ел чемпионы атанған Бақтияр әлем біріншілігіне барып, сәтсіздікке ұшырайды. Алда Сидней олимпиадасы. Уақыт аз қалды. Ташкентте Азия біріншілігі жалауын көтереді. Осы жарыстан 57 келіде лицензия алмасақ қараң қаламыз. Оған кім қатысады?! Бақтияр ма, әлде Бекзат па?! Шешімді ұлттық құраманың бас бапкері Тұрсынғали Еділов қабылдайды. «Азияға Бекзат барсын!». Тұрсекең осы шешімі арқылы қазақ боксына жаңа есім әкелерін сол кезде білді ме екен?!
Ташкентте жалауын көтерген құрлық чемпионаты барысында Бекзат Саттарханов Оңтүстік Корея боксшысы Хван Лимді – 6:5 есебімен, үндістандық Реджи Раманандты – 6:3 есебімен, қырғыз Мұзафар Жүсіпбекті – 8:5 есебімен ұтып, финалда өзбекстандық боксшы Тулкунбек Тургуновқа есе жіберді. Бірақ бұл алтынға бергісіз күміс еді, өйткені, Олимпиада лицензиясын қоса алды.
Бұлтты жарып, айды ашқан...
Сидней олимпиадасы. Қазақ спорты тарихында жаңа парақ ашылған күн. Алғашқы парақ: осы додаға лицензия ұтып алған жеті боксшының жетеуі де қазақ және жетеуінің де ширек финалға шығуы. Олар: Болат Жұмаділов (51 келі), Бекзат Саттарханов (57 келі), Нұржан Кәрімжанов (60 келі), Данияр Мұңайтпасов (67 келі), Ермахан Ыбырайымов (71 келі), Олжас Оразалинов (81 келі), Мұхтархан Ділдәбеков (+91 келі) еді. Екінші парақ: қазақ ұланы бокстан тұңғыш рет Олимп шыңын бағындырды. Ол – Бекзат Саттарханов!!!
Олимпиада төріндегі Бекзаттың алғашқы қарсыласы румыниялық Овидиу Бобирнат болды. Оны 14:5 есебімен еркін ұтып, келесі кезекте жолы түйіскен Оңтүстік Африка спортшысы Джеффри Матхебуланың басына соққыны жаңбырдай селдетті. Есеп – 16:5.
Ширек финалда түркиялық Рамазан (Рамаз) Паллиани күтіп тұрды. Тегі грузин, Кеңес мектебінің өкілі. 1992 жылы Грузияның атынан Барселона олимпиадасына қатысып қола медаль алған, 1993 жылы әлем чемпионатынан тағы да қола медалға ие болған, екі дүркін Еуропа чемпионы (1996, 1998). 1999 жылғы әлем чемпионатына Түркия атынан қатысып тағы да қола жүлдегер атанған.
Бекзат үшін ең ауыр жекпе-жек осы болғаны айқын. Себебі түркиялық боксшылардың бәрі бұған дейін жарыстан шықты. Паллианидан басқа тұяқ қалмады. АИБА-ның бас хатшысы, ұлты түрік Канер Даганелидің жаны мұрнының ұшына келді. Паллиани жеңілсе, ертең елдің бетіне қалай қарайды. Даганелидің сасқаны соншалық, АИБА-ның вице-президенті Бекет Махмұтовтың аяғына қалпағын тастап: «Бекет бей, сенің жеті бірдей жігітің ширек финалда тұр, бізде Рамаздан басқа тұяқ қалмады, құлың болайын ағатай, жекпе-жекті бізге сатыңызшы» деп жалынады. Сонда Бекет көкеміз қабағын қайшылап алып: «Дәке, қазақтар біреулерді сатып алуы мүмкін, ал өзін ешқашан сатпайды» депті. Мына текетірестен кейін бокс әділ өтпей қайтпек. Содан алма-кезек сатырлаған соққылар кетті, ұпай екі жаққа бір-бірден топ-топ түседі. Есеп 11:11 екі мықты тепе-тең келе жатыр, уақыттың бітуіне 10 секунд қалды. Сол сәтте Бекзат оң қолымен бір шүйіріп қарсыласын жасқады да, солақай жұдырығымен қақ шекеден күрс еткізді. Есеп 12:11. Бекзат жеңді.
Осы оқиғаның басы-қасында куәгер болған спорт журналшысы Қыдырбек Рысбекұлы айтады: «Бекзаттың осы жеңісінен кейін бәрі айқындалды, қалғанын қағып алатын қауқары барын аңғардық». Шынында Бекзат қалған қарсыластарын қағып алды десе де болады. Жартылай финалда жолыққан Марокко үміті Тахар Тамсаманиды 22:10 есебімен ойсырата ұтты. Финалда АҚШ боксшысы Рикардо Хуарес көлденең тұрды.
Шешуші жекпе-жек қайдан оңай болсын, оның сыртында Олимпиада алаңы болса! Рингке ширығып шыққан бағлан Бекзат бірінші кезекте ұпай санын 5:2-ге жеткізіп уһ деді. Екінші айналымда тіпті ашылды. Рингтің үстінде сүтке тойып желіден жаңа босаған құлындай ойнақтады. 30 секунд өтпей жатып ұпай санын 7-ге, 15 секунд өткенде 11-ге апарды. Қоңырау сыңғыр еткенде есеп айырмасы 15:4-ті көрсетті. Үшінші раундта Рикардо Хуарес барын салды. Екі қолын кезек қармап өлермендікпен ұмтылды. Тіпті бірнеше ұпай да алып үлгерді. Біздің Бекзат болса, жорға жүріспен тайпақ қараны күтіп алады да, солқ еткізіп бір салып қойып тайпалады-ау шіркін. Есеп 20:14. Мынаны қара!
Соңғы сәттер. Тайпақ қараның сілесі құрыған, жеңілгенін мойындай бастаған сияқты. Бекзат сіргелі тайыншамен ойнап жүрген Күпібайдың тентек ұлындай таңдап ұрады, толғап соғады, лып етіп артқа тартылады, былқ етіп жанына қарай ырғиды. Шеберлік емей немене. Соңғы есеп 22:14. Бекзат бокстан қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы!!!
Бұл күндер қазір сағынышқа айналды. Жыл сайын бауырымыздың туған күні 4 сәуірде есі дұрыс қазақ алмас қылыш алдаспан ұлын бір сәт есіне алып, дұға бағыштайды. Алланың рахметіне, пайғамбардың шапағатына бөлен, Бекзат бауырым! Сөзіміздің соңын қойын дәптерімдегі мына бір жырмен аяқтайын:
Бұлтты жарып, айды ашқан,
Алмас қылыш алдаспан,
Мөңіреп туған марқасқам,
Шеңгелі құмай салалы,
Саршөгіл мұздай балағы,
Серпіп тартса жұдырық,
Адырнадан ағытылғандай талағы,
Еңіреп туған, ер Бекзат,
Сендей ұл қайта туа ма?