• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 06 Сәуір, 2020

Ақмола облысының әкімі облыстық туберкулезге қарсы диспансерге барды

226 рет
көрсетілді

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Қоңыратбек Құрманбаев атындағы Ақмола облыстық туберкулезге қарсы диспансерде болып, емдеу орнының ұжымымен кездесті және мұндағы арнайы ашылған бөлімшеде коронавирустан емделіп жатқан сырқаттармен онлайн режимінде жүздесіп, хал-жағдайларын сұрап білді.

Өңір басшысы алдымен диспансердің ауласы мен музейін аралап көрді. Атқарылған жұмыстарға назар аударды. Ұжыммен кездесуінде коронавируске байланысты қалыптасқан жағдай туралы баяндады.

– Осыдан бірер күн бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пандемиямен күреске тартылғандарды қосымша қолдау шаралары туралы мәлімдеме жасады. Бұл жөнінде сіздерге белгілі, оларды дұрыс және қажетті шаралар деп санаймын. Өз кезегінде біздің тарапымыздан да қолдау көрсетілуде. Инфекциялық бөлімшенің барлық қызметкері 150 мың теңгенің көлемінде сыйақы алды. Алты мезгіл тегін тамақ ұйымдастырылған, жұмыс істеуге және тұруға қолайлы жағдайлар туғызылуда. Облыс бойынша коронавирус жұқпасымен күресу және біздің тұрғындарды қорғау үшін қолдан келгеннің бәрі жасалуда. Меншік түріне қарамастан, барлық құрылымдар жұмысқа тартылған. Жекеменшік кәсіпорындар біздің азаматтар үшін маскалар тігіп, антисептиктер шығаруда.

Бүгінгі таңда біздің облыста 638 адам медициналық бақылауда, олардың 272-сі ауруханаға жатқызылған. Коронавирус жұқпасы 18 адамда анықталып отыр. 16 сырқат Көкшетау қаласындағы облыстық туберкулезге қарсы диспансердің инфекциялық бөлімшесінде, 2 адам Нұр-Сұлтан қаласындағы фтизиопульмонология орталығында орналастырылған. Үй карантинінде – 366 адам. Жалпы, 1382 төсек-орын дайындалған. Олардың 135-і инфекциялық, 221-і провизорлық және 570-і карантиндік мақсатта. Бүгінгі таңда барлық бала бақшалар мен мектептер жабылды. Көптеген ұйымдар қашықтықтан жұмыс істеуде. Тұрғындармен карантин кезінде коронавирустың жаңа ошағын туғызбау үшін барынша оқшаулану жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Диспансердің бас дәрігері Қасымжан Тәшметов өз сөзінде атқарылған жұмыстар жөнінде баяндап берді. Бүгінгі таңда ауруханада 135 адам емделуде. Былтыр туберкулезбен ауырғандар саны 12 процентке азайды. Үнемделген қаржы аурухананың материалдық-техникалық қажеттілігіне жұмсалады. 

Облыс әкімі коронавирус індетін емдеуге арналған бөлімшенің жұмысымен танысты. Мұнда сырқаттар мен оларды емдеп жатқан ақ халатты абзал жандар үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Ермек Маржықпаев онлайн режимінде коронавирус індетіне шалдыққан жандардың хал-жағдайын сұрап білді.