Облыс әкімдігінде өткен жиында 2020 жылы Жұмыспен қамтудың жол картасы аясындағы инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру мәселесі талқыланды. Бұл жөнінде баяндама жасаған жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гүлнар Әбенованың айтуынша, Жол картасы жұмыссыздар санының өсуіне жол бермеуге, қосымша жұмыс орындарын ашуға, сондай-ақ ауылдық мекендердегі инфрақұрылымды дамыту арқылы тұрғындардың тұрмысын жақсартуға бағытталған.
Биыл әлеуметтік-мәдени саланы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, инженерлік-көліктің инфрақұрылым нысандарын жөндеу, қалпына келтіру, елді мекендерді абаттандыру бағытындағы жобаларды жүзеге асыру көзделіп отыр, - деді Г.Әбенова.
Бұл мақсатқа 53,7 млрд теңге қарастырылған. Басқарма басшысының айтуынша, биыл жұмыспен қамту орталықтары арқылы инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға тартылған тұрғындардың орташа жалақысы кемінде 2 ең төменгі жалақы мөлшерінде немесе 85 000 теңгенің шамасында болады. Бүгінде облыста 275 инфрақұрылымдық жоба бар. Оларды іріктеу барысында қосымша жұмыс күшін қажет ететін ірі кәсіпорындары бар шағын қалалар мен облыс орталығына басымдық берілген. Бұл жобалар 13 435 жаңа жұмыс орнының ашылуына мұрындық болмақ. Осылайша Жұмыспен қамту орталықтары арқылы 6718 жұмыссызды еңбекпен қамту көзделіп отыр.
Қостанай облысы