Биыл Қостанай облысында су тасқыны әдеттегіден екі апта ерте басталды. Қазір Қарасу, Сарыкөл және Ұзынкөл аудандарындағы өзен арналарына қызыл су құйылып жатыр. Су деңгейі баяу көтерілуде.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өзен жағалауындағы елді мекендер түгелдей бақылауға алынған. Аймақтағы су басу қаупі бар 99 ауылдың маңында арнайы құтқарушылар жасағы кезекшілікте тұр. Төтенше жағдайлар қызметі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, егістіктерден аққан қызыл судың алдын тосу, арнасын бұру жұмыстарымен айналысып жатыр. Әзірше қарғын су жоқ, өзен кемері бүтін.
Облыста Қаратомар және Жоғарғы-Тобыл деп аталатын жалпы сыйымдылығы 546 млн текше метрлік екі негізгі су қоймасы бар. Көктем маусымында болжанған қызыл су осы екі қоймаға құйылады.
Күн райының күрт жылынуы мен егістік алқаптарында еріген қардың молдығына байланысты таяуда Қарасу ауданындағы су қоймаларында мұз жару жұмыстары жүргізілді.
– Өткен демалыс күндері Ильичев ауылдық округіне қарасты Новоселов
ауылының маңындағы Құндызды өзенінде 6 жарылыс болды. Қардың жаппай еруі кезінде қызыл судың басым бөлігі дәл осы жерге келеді деп күтілуде. Жарылыс жұмыстарының нәтижесінде өзендегі су деңгейі едәуір төмендеді, – деді ТЖД баспасөз қызметінің жетекшісі Уәлихан Досанов.
Облыста көктемгі су тасқынының алдын алу шараларына 506,6 млн теңге бөлінген. Құтқару қызметтері өзен-су арналары мен су басу қаупі бар елді мекендерді күн сайын әуеден бақылап отыр. Су тасқынынан қауіп төне қалған жағдайда арнайы дайындықтан өткен 2659 адам құтқару ісіне кіріседі. Оларға көмекке келетін 1168 техника, 142 қайық, 312 су сорғыш құрылғы да сақадай-сай.
Қостанай облысы