Өңірде коронавирус індетімен ауырғандар анықталған жағдайда облыс орталығындағы Онкологиялық диспансер мен орталық аудандық ауруханалар үшін қосымша 700 млн теңгеден астам қаражат бөлінді. Бұл облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында өңірлік бюджетті нақтылау барысында қаралды.
Экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Мақсат Тұрлыбаевтың мәлімдеуінше, індеттің таралмауына орай өңірде жүргізіліп жатқан шаралар барысына сай өкпені жасанды тыныстандыратын 20 аппарат, аурухана төсектері жанына орнатылатын арнайы 10 монитор сатып алу жоспарлануда.
– Қазіргі бұл – коронавирус инфекциясы анықталған жағдайда жұмыс істеу үшін ең қажетті жабдықтар, – деді мәслихат сессиясына қатысқан облысы әкімі Әбілқайыр Сқақов. – Бүгінде өңірде өкпені жасанды тыныстандыратын 128 құрылғы бар, ал қосымша 56 аппарат қажет. Сондықтан тағы да 20 жасанды желдету аппаратын алуға қаржы бөлдік. Тағы 8 аппарат жалпы сипаттағы трансферттер есебінен сатып алынады.
Бұған дейін өңірдің барлық медициналық мекемелеріндегі құрылғы, құрал-жабдықтарға тексеріс жүргізілген. Ескірген және техникалық ақаулы жабдықтар толыққанды диагностика мен емдеу үшін қажетті басқа да құралдардың жаңасына ауыстырылмақ болған-ды.
Ал қазір өңірде індеттің алдын алу және болдырмау бағытындағы шаралар жалғасуда. Мекемелер санитарлық талаптарды күшейтуде. Қызметкерлер жұмыс кезінде бір реттік медициналық бетперде қолдануда.
Осы күндері облыста 634 адам медицина қызметкерлерінің бақылауына алынған. Осы адамдар арасындағы 77 адам стационарда дәрігерлер қарауына, 557 адам үй карантинінде. Індеттің алдын алу және болдырмау бағытындағы шаралар жалғасуда. Сонымен қатар 38 адам дәрігерлердің қоңырау шалулары арқылы бақылануда. Коронавирус инфекциясы жағдайына арналған 845 төсектік орын дайын. Өңірде әзірге коронавирусты жұқтырған 1 адам тіркелген. Бұл адаммен байланыста болғандардың барлығы медициналық тексерулерден өткізілді.
Павлодар облысы