Қостанай облысында бүгін түнде басталған қарлы боран әлі толастар емес. Таңертең ақтүтек боран одан сайын күшейе түсіп, облыс орталығында көлік қозғалысы мен жаяу жүргіншілердің жүріп-тұруы қиындады.
Өткен аптада ғана күн күркіреп, жаңбыр жауған. Артынша жүргізушілердің көбі көлік доңғалақтарының қысқы резеңкесін шешіп тастаған. Полицияның мәліметінше, күре жолдардың бойында көліктер тізгінге бағынбай, жол шетіне ауып кетіп жатыр.
Күн райының күрт бұзылуына байланысты аймақтағы барлық көлік жолдары жабылған. Күре жолдарға арнайы техника шығып, қар аршу, жолда қалғандардың бар-жоғын анықтау жұмыстарымен айналысып жатыр.
Күшті боран облыс орталығындағы электр желілерінің тұрақты жұмыс істеуіне де кедергі келтіруде.
Қостанай облысы