• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 08 Сәуір, 2020

Тасқынға мониторинг жүргізілді

163 рет
көрсетілді

Екінші және үшінші сәуірде Солтүстік Қазақстандағы су тасқыны жағдайын мони­торингтеу мақсатында қауіпті аймақтарға әуеден бақылау жүргізілді. Бортында Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин, облыс әкімінің орынбасары Антон Федяев, ІІМ ТЖК СҚО ТЖ департаментінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Рамиль Камалов бар тікұшақ Айыртау, Ғ.Мүсірепов, Шал ақын, Есіл және Қызыл­жар аудандары мен Петропавл қала­сының аумағын аралап, ұшып өтті.

Тікұшақтағы топ Имантау, Кіші Торанғұл және Үлкен Торанғұл көлде­ріндегі мұз жағдайының қау­пін бағалады. Облыстың бас­ты су артериясы – Есіл өзені мен оның – Шарық, Ақанбұрлық, Бабық­бұр­лық, Иманбұрлық, Жембарақ, Қамықсақты сияқты сағаларына ерекше назар аударылды. Сондай-ақ Сергеев су қоймасының бөгеті тексерілді.

Басшылар су тасқыны жағ­да­йын мұқият қарап және жағдай шие­леніскен болса халықты қалай қор­ғау шараларын жоспарлады. Мұндай жоспарлар бұрыннан бар болатын. Ұшу барысында көктемгі су тасқыны қаупі мен қатерлерінен халықты қорғау бойынша жүзеге асырылатын және жоспарланған бұрынғы іс-шараларға түзетулер енгізілді.

Жалпы, биылғы ылғал қоры облыс­тың оңтүстік өңірінде – Айыртау, Ғ. Мүсірепов, Тимирязев аудан­дарында жыл­да­ғы ша­ма­да­ғыдай. Ал облыстың орталық, солтүстік және солтүстік-шығыс бө­лік­терінде қар жамылғысы тү­гел­­дей дерлік жұқарып, қауіпті жағ­­дайды сейілтті.

Су тасқыны қаупіне қарсы жедел әрекет ету үшін құрамында 484 адам, 155 бірлік техника, 8 бірлік жүзу құралы және 72 бірлік мото­помпа бар ТЖД күштері мен құралдары бар топ дайындық сапында тұр.

Сонымен қатар су тасқыны жағдайына мониторинг жүргізу және алдын алу іс-шараларын орындау мақсатында Ғ.Мүсірепов, Уәлиханов және Айыртау аудан­дар­ына ТЖ департаменті ве­дом­­стволық бағыныстағы бөлім­шелерінен 9 бірлік техника, жеке құрамынан 40 адам, 5 бірлік жүзу құралы және 7 мотопомпа күштері мен құрал­да­рын топтастырған. Бүгінгі күнге дейін өңірдегі көктемгі қадамдар сәт­ті­лікпен басталды. Күн жар­қы­рап, ауа райы күннен-күнге жы­лы­лық­қа бет бұруда. Енді тек қарғын асау мінез танытпаса болғаны. Ар жа­ғында егіс жұмыстарына дайындық та басталып кетеді.

 

Солтүстік Қазақстан облысы