• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Әлем 08 Сәуір, 2020

Азияның ахуалы қандай болмақ?

717 рет
көрсетілді

Әлем экономикасы бұған дейін де талай рет рецессияға ұшырап, дағдарысты басынан кешірді. Бірақ бұл дағдарыстың бұрынғылардан өзгерек екенін білгеніміз абзал. Олай дейтініміз, бұған дейінгі өңірлік және аймақтық экономикалық дағдарыстар дамыған елдердегі ірі банктерден бастау алып, негізінен қаржы саласындағы келеңсіздіктермен шектелген болса, бүгінгі коронавирус індетіне байланысты ахуал қаржы саласы ғана емес, әлем елдері арасындағы адам, тауар және капитал айналымына тікелей теріс әсерін тигізетін бұрын-соңды болмаған жаһандық дағдарысқа айналды.

Әлем елдері арасындағы тауар мен капитал айналымының деңгейі күрт төмендеп, халықаралық сауда-саттық қатынастар жүйесі сыр бере бас­таса, соның кесірінен, әсіресе Азия аймағындағы дамушы елдердің экономикасы көп зардап шегіп отыр. Америкалық The Heritage Foundation ұйымы осы жылдың 17 наурызында ғана Азия құрлығындағы халықаралық қаржы-экономикалық хаб болып табылатын Сингапур мемлекетін әлемдегі ең ашық экономика деп жариялап, ал екінші орынға тағы да сол Азиядағы Гонконг қаласын қойған еді. Бұл Азия құрлығындағы ең дамыған елдердің бірі Сингапур мен бір өзі біршама елдің экономикасынан асып түсетін Гонконг мегаполисі әлем елдері үшін есігі айқара ашық, халықаралық деңгейдегі даму мен жаһандану үрдістерінің үлгісі болып отырғанының бірден-бір белгісі еді. Алайда, одан кейін бір апта өтпей жатып коронавирустан сескенген сол Сингапур үкіметі әуе, теңіз және құрлықтағы шекараларынан өтетін адамдар санына шектеу қойып, екі күннен кейін есігін тарс жауып алып, әлемдегі ең жабық елге айналып шыға келді. Басқасын айтпағанда, қасындағы Малайзиядан қатынап нәпақасын тауып жүрген жарты миллионға жуық адам бір күнде жұмыссыз қалып, күнкөріс көзінен қағылды. Ал Гонконг оған дейін ақпан айының аяғында-ақ етек-жеңін жинап, оқшауланып үлгерген еді.

Әлем экономикасының жартысынан көбі Азияға тиесілі болып отырған жаһандану дәуірінде ірі халықаралық қаржы орталықтары саналатын Сингапур мен Гонконгтың жағдайы осындай болып жатқанда, жаһандық сауда-саттық пен әлемдік өндіріс жүйесінің ажырамас бөлігіне айналған Тайвань, Вьетнам сияқты мемлекеттер шекаралардың жабылуынан көп зардап шегіп, сансыз адам сандалып қалса, күнкөрісі туристік салаға негізделген Таиланд сияқты елдердің жағдайы жығылғанға жұдырықтың кейпін көрсетіп отыр. Камбоджа, Лаос сияқты мемлекеттер қаржылық жағы­нан Қытайға тәуелді болса, Мьянма, Бан­гладеш сияқты жеңіл өнеркәсіп пен тоқы­ма өнімдерін шығарумен табыс тауып отырған халықтардың жағдайын айт­пай-ақ білуге болады. Ал бір жарым мил­лиардқа жуық халқы бар Үндістан сияқты алып мемлекеттің экономикалық саясаты індет басталмай тұрып-ақ мәз емес еді, енді тіпті оңбай қалатын түрі бар.

Азия елдері арасындағы жұмысшылар миг­рациясы шамамен 35 миллион адамға жетіп, бірін-бірі салыстырмалы түрде еркін қатынай алудың арқасында нәпақаларын тауып жүр. Енді сол халықтар жұмыс орындарынан айырылып отыр. Мұндай жағдай әр мемлекет үшін ең күрделі саяси-әлеуметтік проблемаға айналды. Бұл әсте әркім өз қотырын өзі қасысын дей салуға келмейтін күрделі мәселе. Ахуал жуық арада жақсармайтын болса, осы жағдай лезде-ақ бәрімізге ортақ өңірлік проблемаға айналып шыға келмек.

Халықаралық еңбек ұйымының жуық арада 25 миллион адам жұмыссыз қалатынын айтып отырғаны бекер емес. Ең алдымен жұмыссыз қалатындар кім десеңіз, дәл сол бір елден бір елге өтіп жұмыс істеп жүргендер, яғни жаһандану мен халықаралық ынтымақтастық негі­зінде қалыптасқан жүйенің жемісін жеп жүргендер. Азиядағы көп елдің экономикасы өзінен қарағанда даму деңгейі жоғары мемлекеттерге жұмысқа кеткен адамдардан келіп түсіп жатқан қаржыға тәуелді екені рас. Мысалы, Филиппин мемлекетінің шетке шығып жұмыс істеп жүрген халқы жыл сайын елге шамамен 35 миллиард доллар қаржы аударып отырғаны көпті аңғартады.

Адам саны көп, жұмыс қолы арзан Оңтүстік немесе Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде ондай жағдай айқын болса, оларды айтпағанда, өзіміздің Орталық Азия аймағында да жағдайы сондай елдердің бар екені белгілі. Ұлттық валю­та­лары құнсызданып, артылып қалған еңбек күші арзандай беретін болса бұ­ған дейін салыстырмалы түрде даму дең­гейі жоғары мемлекеттердің өздері көр­шілеріне күліп қарай алмайтын жағдайға душар болып қалуы әбден мүмкін.

Өйткені өзара тәуелділік тереңдеген жаһандану заманында бір елдегі қаржы-экономикалық проблема міндетті түрде екінші елдің жағдайына тікелей әсер етеді. Төрт құбыласын тұмшалап, жаңа вирус жұқтырғандар санын шектей білген елдердің мұндай саяси шешімдері «жоғары бағаланып» отырса, ендігі кезекте ол елдердегі қаржы-экономикалық саладағы ахуалдың нендей проблемаларға алып келетінін кейінге қалдырмай ойлану бүгінгі күннің ең өзекті мәселесіне айналып отыр.

Бұл жерде бір маңызды нәрсені айтып өткен жөн. Негізі, әлемнің екінші, Азия­ның бірінші экономикасына айнал­ған Қытай елінің даму деңгейі бұл індет бас­талмай тұрып-ақ бұған дейінгі қарқынды даму жылдарымен салыстырғанда төмендеп кеткені белгілі. Оған ҚХР мен АҚШ арасындағы сауда соғысы сияқты халықаралық деңгейдегі геосаяси және геоэкономикалық факторлар ғана емес, елдің ішкі саяси-әлеуметтік жағдайы да өз әсерін тигізіп келген болатын.

Қытайдағы жұмыс күшінің бұрынғы­дай арзан емес екені, қытайлық компа­ниялардың интеллектуалды меншік құқығын сыйламайтындығы, дамыған мемлекеттердің стандарттарын мойындай бергісі келмейтіні сияқты көптеген факторлар осы елдің негізгі сауда әріптес­терінің қытығына тиіп келгені тағы бар. Сондықтан трансұлттық өндіріс компаниялары арасында, әсіресе АҚШ пен оларға саяси одақтас елдердің компаниялары өздерінің Қытайдағы зауыттарын өз елдеріне немесе Азияның басқа елдеріне көшіре бастаған еді. Ал енді мына жағдай тіпті тілегенге сұраған болып отырғандай. Басқасын айтпағанда, әлемнің үшінші экономикасы немесе ірі халықаралық қаржылық доноры ғана емес, Азияның техника-технологиялық саладағы алдыңғы арбасы болып саналатын Жапонияның да Қытайға айтары аз емес. Жапон үкіметі коронавируспен күресуге 500 миллиард доллардан астам қаржы бөліп, ал отандық компаниялардың Қытайдан зауыттарын көшіруге кететін шығындар көлемінің үштен екі бөлігін үкіметтік көмек есебінен жабуға қолдау көрсетеміз деп отыр. Бұл да Қытай эконо­микасы үшін тағы бір қатты соққы бол­ғалы тұр десек, артық айтпаған болар едік.

Ал коронавируспен күресте оң нәти­же көрсете білген Оңтүстік Корея 15 сәуір­де парламент сайлауын өткізейін деп отыр. Өршіп тұрған індетке қарамай ел­­дің саяси келешегі үшін корей халқы сай­­лауға барудан бас тартпаса, онда бұл жұрт әлемге тағы да бір үлгі болайын деп тұр­ған сияқты. Дегенмен, қаржы-эко­но­ми­ка­лық салада Оңтүстік Корея Азия­ның көш­бас­шысы бола алмайтыны белгілі. Кері­сін­ше, өндіріс саласы негізі­нен осы Азия аймағына бағытталған экспорт көле­міне тәуелді екенін ескере оты­рып, ай­мақ­тағы ахуалдың ертерек жақ­саруына үміт артып отырған ел. Бұл тұр­ғыдан Оң­түс­тік Корея алдағы уақыт­та екі алып көр­шісі Қытай және Жапониямен сауда-эконо­ми­ка­лық қарым-қатынастарды одан әрі тереңдетуге бағытталған саяси қадамдар жасауға мәжбүр болатыны сөзсіз.

Қытай мемлекеті үшін «Бір белдеу, бір жол» халықаралық стратегиялық бағдарламасы елдің сыртқы саясатының басты бағыты екені белгілі және Қытай үкіметі бұл бағыттағы күш-жігерді бәсеңдетіп алмауға барын салып бағатын сыңай танытып отыр. Дегенмен, қазіргі таңда Қытай үкіметі үшін халықаралық бағдарламадан бұрын ең алдымен елдің ішкі саяси-әлеуметтік ахуалын тұрақтандыру ең маңызды мәселеге айналып отырғанын жоққа шығаруға болмайды. Қайткен күнде де, ҚХР-дың биылғы экономикалық даму деңгейі 3,3 пайызға дейін, яғни бұдан 44 жыл бұрынғы – 1976 жылғы деңгейге төмендейін деп отырғаны, ал соның кесірінен жалпы Азия аймағының биылғы даму деңгейі 2,2 пайызға төмендеп, 1998 жылғы қаржы дағдарысы тұсындағы деңгейге дейін құлдырайын деп отырғанынан көп нәрсені ұғуға болады. Әлемдік саяси-экономикалық жағдай, әсіресе Азияның ахуалы алаңдатпай қоймайды.

Әлем елдері, оның ішінде Азия елдері арасында уақытша қойылған шекаралық шектеулер ұзақ мерзімге созылатын болса халықаралық сауда-экономикалық қатынастар қарқыны төмендеп, әсіресе азық-түлік пен күнделікті тұрмысқа қажет заттардың жетпей қалу қаупі өңір­дегі әлеуметтік-саяси қауіпсіздікті қамта­­масыз ету тұрғысынан ең маңыз­ды мәселеге айналуы мүмкін. Сондық­тан елдер арасындағы өзара сенімге негіз­делген әріптестіктің тиімді тетіктерін қамтамасыз ету бүгінгі таңдағы халықара­лық қоғамдастықтың басты мақсатына айналуы тиіс. Осы тұрғыдан, бүгінде Азия елдерінің түгелі дерлік мүше немесе бақылаушы болып отырған АӨСШК-нің маңыздылығы жайында айтып өтудің орайы келіп тұр.

1992 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясы аясында Елбасы Н.Назар­баев­тың ұсынысымен құрылған аталған кеңес­тің басты мақсаты – өңірлік тұрақ­ты­лық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Олай болса, әлемдік деңгейде қалып­тасып отырған мына дағдарысты жағ­дай­да Азия елдері арасындағы өзара ық­пал­дастық пен сенімге негізделген әріп­тес­тікті қамтамасыз ету тұрғысынан АӨСШК-нің атқарар рөлі зор болуы тиіс. Әсі­ресе, Қазақстан Президенті Қ.То­қаев­тың 2019 жылдың маусым айында Душанбе қаласында өткен АӨСШК-нің V саммитінде ұсынған кеңес аясындағы жобаларды қаржыландыру мақсатында арнайы халықаралық қор құру жөніндегі бастамасының өзектілігі арта түспек.

Азия аймағындағы ахуал осындай бол­ып тұрған кезде кеңестің жұмысын жан­дандыра білу алдағы уақытта АӨСШК-ні өңірлік ұйымға айналдыру ба­ғытында жүргізілетін жұмыстарға өзі­нің оңды үлесін қосар еді деп пайымдаймыз. Бастысы, мұндай қадам 2020 жылғы 6 наурызда Мемлекет бас­шысы Қ.Тоқаевтың Жарлығымен бекі­тілген Қазақстан Республикасы сырт­қы сая­сатының 2020-2030 жылдарға ар­нал­ған тұжырымдамасының 1.5. тармақ­шасы («Азиялық қауіпсіздіктің түйінді мәселелерін шешудің, оның ішінде АӨСШК-ні өңірлік ұйымға айналдыру ар­қы­лы кешенді тәсілдерін іздеу­ді жан­дан­дыру»), 2.13. тармақшасы («Өңір­лік азық-түлік қауіпсіздігін қамт­а­ма­­сыз ету бойынша халықаралық күш-жігерге, оның ішінде Азық-түлік қауіп­сіздігі жө­нін­дегі Ислам Ұйымының әлеуе­тін пай­­да­лану арқылы қатысу») және 3.20. тар­­мақ­шасында («Денсаулық сақ­тау са­ласын­да, оның ішінде эпидемия­лар мен пан­де­мия­ларға қарсы іс-қи­мыл мақ­сатында ха­лық­аралық ынтымақ­тастық­қа атса­­лысу») белгіленген еліміздің сыртқы сая­­с­аты­ның басты бағыттарын жүзеге асы­ру­­дың тиімді жолы болар еді деп сенеміз.

 

Батырхан ҚҰРМАНСЕЙІТ,

шығыстанушы, PhD докторы, арнайы «Egemen Qazaqstan» үшін