Жетісу жастарынан құралған волонтерлер тобы да төтенше жағдайда жұмыс істеуге көшкен болатын. Қазір облыстағы 17 аудан мен 3 қалада қайырымдылық шаралары тоқтаусыз жүріп жатыр. Жастар бүгінге дейін мыңнан астам арнайы акция ұйымдастырып үлгерген.
Волонтерлер негізінен елді мекендегі ғимаратттар мен адам көп жүретін көшелерді дезинфекция жасауға қолұшын беріп, мұқтаж отбасыларға азық-түлік тасымалдау, медициналық антисептик, жеке гигиеналық заттар және бетпердемен қамтамасыз етумен де айналысуда. Сондай-ақ «Мейірімді Жетісу» волонтерлердің фронт-кеңсесінде тәулік бойы жұмыс істейтін жедел желі іске қосылған. Тұрғындар орталыққа әлеуметтік желі және телефон арқылы өз өтінішін айтып, көмек сұрай алады. Мысалы, бір күн ішінде 117 адам фронт-кеңсенің әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы көмек сұраса, 78 адам жедел желіге қоңырау соққан екен.
Әсіресе аудандардағы ерікті жастардың еңбегі жанып тұр. Төтенше жағдай кезінде көмекке мұқтаж адамдарға қолұшын созуды парыз санаған жастар күн сайын жақсылық жасауға тырысып жатыр. Солардың қатарында Еңбекшіқазақ ауданының волонтерлері де бар. Қазір өңірде «Біз біргеміз!» акциясы аясында қайырымдылық шарасы бастау алған. Ерікті жастар көп балалы, жалғызбасты және тұрмысы төмен отбасыларды қажетті азық-түлікпен, медициналық бетпердемен қамтамасыз етуге жұмылуда. Акция басталғалы бері еңбекшіқазақтық волонтерлер 71 отбасына көмек жеткізіп, жалпы құны 1 млн теңгеден астам қажетті заттар мен азық-түлік табыстаған.
– «Біз біргеміз!» акциясына аудан жастары белсене қатысуда. Әсіресе Қанат Теңгебайұлы бастаған «Иманды жастар» және Данияр Нүсіпжанұлы жетекшілік ететін «Жақсылықта жарысайық» волонтерлер тобы жақсылық жасауға ынталы. Олар үйді-үйге азық-түлік, гигиеналық заттар жеткізіп берумен қатар мұқтаж жандарға қаржылай да көмектесуде. Жақында волонтерлер аудандық жастар ресурстық орталығымен бірлесіп Ұзақберген Ерлан атты балдырғанның еміне қажетті 500 мың теңге қаражат жинап берді, – дейді Еңбекшіқазақ аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Айбек Ілебаев.
Кеген ауданында да волонтерлердің «Жерұйық Кеген жастары» атты қоғамдық ұйымы бар. Құрылғандарына көп уақыт болмаса да қор аудандағы ізгі шаралардан қалмай, қайырым жасауға бет бұрған. Жақында ұйымның құрылғанына бір жыл толуына орай жастар бастама көтеріп, мұқтаж отбасына тұрғын үй сатып әперіпті. Жалпы, мұндай игі қадам Жетісудың барлық ауданында жасалып жатыр. Бірақ Кеген жастарының бұл қадамы айтуға тұрарлық. Олар ауданнан көшіп кеткен, қазір қала маңында тұратын жерлестерін іздеп, тауып, әлеуметтік жағынан аз қамтылған әулеттер мен көп балалы отбасыларға да көмектесуді бастапты. Мысалы, өткенде баспана сыйлаған отбасы бұған дейін аудандағы Тасашы ауылында тұрған екен. Қазір Алматы қаласына жақын Талғар ауданының Бесағаш ауылына қоныс аударған. Жерлестерінің жақсылығын көрген Азамат 5 қыз, 1 ұлды өзі тәрбиелеп отыр. Отанасы дүние салғасын балаларына жетімдік зарын тартқызбау үшін тырбанып келеді. Қала маңына да сол үшін көшіп келіпті. Пәтер жалдап күнелтіп отырған. «Жерұйық Кеген жастары» қорының қайырымы ол үшін күтпеген іс еді. Қуаныштысы, Азаматтың ұл-қызы Бесағаштағы жылы да жарық үйде өсетін болды. Енді олардың орталық су желісі мен көгілдір отынға қосылған 4 бөлмелі баспанасы бар.
Сондай-ақ Іле ауданының волонтерлері іскер азаматпен бірігіп «Біз біргеміз!» акциясы аясында ауылдарға көмек қолын созуда. Қайырымдылық шарасына алғашқы болып үн қатқан «Арказ Инвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 3 мың отбасына азық-түлік салынған қорап табыстады. Азық-түлік жеткізу аудан орталығындағы Энергетик округінен басталып, Байсерке, Жетіген, Қараой, Ащыбұлақ, Междуреченск, КазЦИК, Чапай, Күрті, Боралдай округтерінде жалғасты. Қажетті азық-түлік ауылдарда тұратын мұқтаж отбасыларға таратылуда. Заттарды тасып, жеткізуге аудандық жастар ресурстық орталығының белсенділері мен тоғыз округте тұратын волонтер жастар жұмылып жатыр.
Жақында Қарасай ауданындағы «Асыл Арман» тұрғын үй кешені індет таралуына байланысты толықтай оқшауланып, карантинге жабылған болатын. Бұған дейін бұл аумақтан екі адамнан коронавирус инфекциясы анықталған еді. Ерікті жастар сыртпен байланысы тоқтаған тұрғындарға Алматы облысы әкімдігінің көмегімен тегін азық-түлік жеткізе бастады.
– Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың тапсырмасына сәйкес кеше карантиндегі тұрғын үй кешенінде тұрғындармен жиын өткіздік. Кездесу барысында бірінші кезекте біз азық-түлікке өте мұқтаж адамдарды анықтадық. Өйткені карантиннен бөлек тұрғындардың көпшілігі жұмыссыз қалды. Біз оларға бұдан былай да қолдау көрсетеміз. Мұқтаж адамдардың тізімі басқарушы компаниялардан келіп түсуде. Азық-түліктен басқа тұрғын үй кешеніне 10 мың данадай бірреттік маска таратылды. Олар тегін таратылуда. Көмекке волонтерлер келді, – дейді облыс әкімінің орынбасары Серік Тұрдалиев.
Алматы облысы