• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 08 Сәуір, 2020

«Москваның» мәселесі көп

386 рет
көрсетілді

Жасыратыны жоқ, Ақтөбе қаласының сәулетіне нұқсан келтіріп, сиқын бұзып тұрған жеке тұрғын үй аумақтары жетерлік. Соның бірі, тіпті бірі емес-ау, бірегейі қаланың қақ орталығындағы он екінші шағын аудан маңында орналасқан, Ақтөбенің ең басты көшесі Әбілқайыр даңғылына жалғасатын «Москва» жеке тұрғын үй секторы.

Оның «Москва» деп аталу себебі – Ұлы Отан соғысы кезінде Мәскеуден Ақтөбеге көшірілген қорғаныстық және азаматтық зауыттардың жұмыс­шы­лары дәл осы жерден қоныс теуіпті. Содан бұл аумақ Ресей астанасының атауын иеленіп кеткен екен. Жә, бұл арадағы басты гәп, оның қалай аталуында емес, өңкей сұрғылт, аласа ескі тамдар мен үйлердің көзге шыққан сүйелдей боп тұрғанында емес пе? Қыстың көктемге ұласар кезінде «Москваны» су басып кететінін де ақтөбеліктер жыр қылып айтады.

Бүгінде бұл сектор аумағында 1400 жеке тұрғын үй бар. Оның көбісінің тозығы жеткен, көпшілігіне күрделі жөндеу қажет. Ендеше бұл баспаналар болашақта да дәл осы азып-тозған күйінде тұра бере ме, жоқ па? Рас, бұған дейін «Актюбгражданпроект» өңдірістік кооперативі жобалар мен сызбаларды жасап көрген. Бірақ оның бәрі жүзеге аспай, сол жобаланған, сызылған күйінде аяқсыз қалып қойыпты. Біз осы мақаланы газетке дайындау барысында ақтөбелік сәулетшілер бұдан бірнеше жыл бұрын бұл үйлердің 800-ін түгелдей бұзып, сырып тастау жөнінде ұйғарымға келгенін білдік. Ал 600-ін жеке инвестицияның көмегімен қайта жаңғырту жөнінде жоспар жасалған екен. Дей тұрсақ та үйлері күресінге кеткен тұрғындардың қайда тұрып, паналайтыны жөніндегі мәселе толық шешімін таппағандықтан оның бәрі бос сөз болып қалған сияқты.

Мұндай шығын жергілікті тұрмақ, республикалық бюджеттің өзіне әжептәуір ауырлық түсіреді. Бұдан шығатын бір ғана жол бар. Бұл осы іске инвестиция тарту. Ақтөбе облысы инвестиция тартудан республика бойынша алда келе жатқан өңір. Өткен жылы өңір экономикасына 850 миллиард теңгеге жуық инвестициялық қаражат құйылды. Ендеше инвестицияның көмегімен «Москваны» қаланың әсем орталығына айналдырудың мүмкіндігі бар. Яғни бұл сәні мен сәулеті келіскен, жаңа көпқабатты тұрғын үйлері мен әлеуметтік-тұрмыстық нысандары бар әдемі орталық болмақ.

Иә, «Актюбгражданпроект» өңдірістік кооперативінің төрағасы Әубәкір Әжіғалиевтің мәлімдеуінше, «Москвадағы» басты мақсат – бұл ауданды заманауи орталыққа айналдыру. Алайда бұл сектордағы инженерлік-коммуникациялық же­лі­лер­дің толықтай шіріп кетуі біраз қол­байлау болатын сияқты. Сондықтан ин­же­нерлік желілерді түгелдей ауыс­­­тыру қажет. Сондай-ақ жалпы құ­ры­лыс­тың кешенді жобасы жасалып, оның техникалық-экономикалық негіз­демесі бекітілуі керек. Оған магис­тралдық желілер мен негізгі жол­дарды кеңейту ісі де енгізілгені жөн. Тек содан кейін ғана үйлерді бұзу мен алып тастау жөніндегі мәселені ойластырып көруге болар еді дейді сәулетші мамандар.

Ендеше «Москва» жеке тұрғын үй секторы заманауи орталыққа айнала ала ма? Бұған қаржыландырудан бөлек жанашырлық ниет те ауадай қажет болып тұр.

 

АҚТӨБЕ