Қостанай облысында бір тәулік бойы соққан қарлы боран басылып, күннің көзі ашылып қалыпты тіршілік басталды. Кеше ғана тосын мінезіне басып алай-түлей бүлініп аласұра ақборандатқан табиғат бүгін түк болмағандай моп-момақан кейіпке енген.
Қаланың қазағы мұның я бесқонақ екенін, я басқа екенін дөп басып айта алмай әр түрлі жорамалдайды. Не болса да сәуірде соққан боран, түскен қар, жауған жаңбыр құтты болып, арты ырыздықты болады деген ырымдап отыр. Қандай тосын құбылысты да жақсыға телитін xалықтық таным салған сүрлеу - осы.
Енді пәлсапаны сәл қоя тұрып күнделікті тұрмыстың жайын баяндайық. Қостанайда кешегі боран салдарынан істен шыққан электр желісі әлі жөнделген жоқ. Қала әлі жартылай жарықсыз отыр. Интернет желі де шабандап қалды. Полиция кеше Қостанай мен Рудныйдың ортасында жолда қалған 70-тен астам жолаушыны қар құрсауынан құтқарған. Рудный қаласына ең бірінші кезекте балалар мен қарт кісілер жеткізілген. Коммуналдық қызметтер кешеден бері тынбый жол аршып жатыр. Тұрғындардың айтуынша дүкендердің көбіне нан, су түспеген. Тиісті органдар түске дейін ресми мәлімет беруі тиіс.